TOP-2

Зейнетақы ақшасын қашан емделуге жұмсауға болады

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын ем үшін қайта пайдалана алу мүмкіндігіне тек 2026 жылдың соңында ие болады. Сол уақытқа шейін Отбасы банк медициналық ұйымдарға бағытталған қаражатты бақылауға арналған платформа әзірлеуі тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

БАНК БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ

Ресми ақпаратпен Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова бөлісті. Үкімет отырысынан кейін журналистер одан зейнетақы жинақтарының артық қаражаттарын ем үшін пайдалану қашан қалпына келтірілетіні туралы сұрақ қойды.

«Біздің міндетіміз – осы қызметті қолжетімді әрі толық мөлшерде ашық ету. Өкінішке қарай, қаражатты мақсатсыз пайдаланған 10% тұрғынның әрекеті салдарынан қалған 90% азамат бұл мүмкіндіктен айырылды. Менің ойымша, бұл әділетсіз. Сондықтан 2026 жылдың соңына дейін біз осы процесті цифрландырумен айналысамыз», – деді Ибрагимова.

Оның айтуынша, жүйе барлық стоматологиялық және басқа да клиникаларда енгізіледі, олар зейнетақы қаражаты есебінен қызмет көрсетеді. Атқарылған жұмыстар туралы акт онлайн түрде рәсімделіп, жүйе Денсаулық сақтау министрлігінің платформаларымен интеграцияланады.

ЖАҢА ПОРТАЛ ӘЗІРЛЕНУДЕ

Қазір Отбасы банк қызметкерлері жаңа порталды әзірлеуде. Дегенмен банк басқа жүйелерді де жетілдірумен айналысып жатыр – атап айтқанда, тұрғын үй кезегін тексеру және көпбалалы отбасыларға 80 шаршы метрден кем пәтерге өтініш беру мәселелерін қарастыру. Сондықтан жаңа порталдың дайын болуына қосымша уақыт кетуі мүмкін.

«Қазір қосымша өзгерістер енгізіп жатырмыз. Жұмыс өте көп, себебі бәрін in-house, яғни өз күшімізбен істейміз. Сондықтан емдеу қызметтері үшін порталды енгізу біздің жоспарда жылдың үшінші-төртінші тоқсанында. Сол кезде адамдар 2026 жылғы шекті лимитке жетеді деп ойлаймын, әрі олар бұл қызметті белсенді пайдалана береді», – деді Ләззат Ибрагимова.

 

Back to top button