Ыстық шай өңеш қатерлі ісігінің қаупін үш есе арттыруы мүмкін – ғалымдар
Ғалымдар ыстық сусын мен өңеш обырының арасындағы байланысты анықтады
Шай немесе кофені өте ыстық күйде ішу өңеш қатерлі ісігінің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Оксфорд университетінің ғалымдары миллионға жуық адам қатысқан ауқымды зерттеу нәтижесінде осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Tizgin.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Зерттеу барысында өте ыстық сусын ішетін адамдарда өңеш қатерлі ісігінің қаупі жылы шай немесе кофе тұтынатындармен салыстырғанда шамамен үш есе жоғары болғаны анықталды. Ғалымдардың болжамынша, ыстық сұйықтық өңештің шырышты қабығындағы жасушаларды зақымдауы мүмкін.
Қандай температура қауіпті
International Journal of Cancer журналында жарияланған зерттеуде температурасы 65 градус және одан жоғары сусындар «өте ыстық» деп көрсетілген. Күніне алты немесе одан да көп ыстық сусын ішу де қауіптің артуымен байланысты болуы мүмкін.
Жаңа қайнаған суға демделген шайдың температурасы кесеге құйылғаннан кейін де 90–95 градус шамасында болады. Сондықтан мамандар шайды немесе кофені бірден ішпей, бірнеше минут суытуды ұсынады. Сусын ауызды күйдірмейтін, ішуге жайлы температураға түскені дұрыс.
Жалпы қауіп қаншалықты жоғары
Зерттеушілер өте ыстық сусын мен өңеш қатерлі ісігінің арасында байланыс болғанымен, ауруға шалдығудың жалпы ықтималдығы төмен екенін ескертеді. Олардың есебінше, ыстық сусыннан бас тарту өңеш қатерлі ісігінің әрбір он жағдайының біреуін немесе екеуін болдырмауы мүмкін.
Өңеш қатерлі ісігінің алғашқы белгілері көбіне байқалмайды. Аурудың негізгі симптомдарына жұтынудың қиындауы, қыжыл, қышқыл рефлюкс, жүрек айну, құсу, дауыстың қарлығуы және тәбеттің жоғалуы жатады.
Мамандар бұл аурудың қаупін төмендетуде ыстық сусынды суытып ішумен қатар, темекіден бас тарту мен алкогольді шектеу әлдеқайда маңызды екенін атап өтті.