Wildberries қоймаларындағы өрт: кәсіпкерлерге өтемақы төлене ме
Соңғы екі аптада Wildberries маркетплейсінің бірнеше қоймасына дрон түсіп, өрт шықты. Компания негізін қалаушы Татьяна Кимнің айтуынша, соның салдарынан Қазақстанды қоса алғанда бірнеше елдің ондаған мың кәсіпкері миллиардтаған теңге шығынға ұшыраған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шабуылдан кейінгі шаралар
Wildberries негізін қалаушы қоймаларға жасалған соққыларды террористік шабуыл деп бағалады.
Оның айтуынша, соңғы уақытта мұндай шабуылдардың жиілеуі компанияның халықаралық нарықтағы ауқымының кеңеюімен байланысты. Соған қарамастан, маркетплейс қауіпсіздік шараларын күшейтіп, инфрақұрылымды қорғау жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Кәсіпкерлерге өтемақы қалай төленеді
Татьяна Кимнің сөзінше, заңнамаға сәйкес дрон шабуылдары форс-мажор жағдайына жатады. Сондықтан келісімшарт талаптары бойынша Wildberries сатушылардың шығынын өтеуге міндетті емес.
Соған қарамастан, қоймалардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін компания Ресей үкіметімен бірлесіп арнайы көмек бағдарламасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол Украина тарапынан айтылған «Wildberries әскери мақсаттағы тауарларды сатады» деген айыптауларды жоққа шығарды.
Еске салайық, бұған дейін Wildberries Ресейдегі шабуылдардан кейін Қазақстандағы бос қоймаларды жалға алуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда Сауда және интеграция министрлігі компаниядан мұндай мәселеге қатысты ресми өтініш түспегенін хабарлаған.