WhatsApp жаңа функцияны іске қосады: нөміріңізді ешкім көрмейді
WhatsApp мессенджері биылғы ең ірі жаңартуларының бірін іске қоспақ. Енді пайдаланушылар жаңа адамдармен телефон нөмірін жарияламай-ақ хат алмаса алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа жүйеге сәйкес, қолданушылар өзіне бірегей username (пайдаланушы аты) таңдайды. Егер сіздің нөміріңіз әңгімелесушінің байланыс тізімінде сақталмаған болса, оған тек осы пайдаланушы аты ғана көрінеді.
Нөмір бұрынғыдай аккаунтты тіркеу және оған кіру үшін қажет болады, алайда жаңа таныстармен байланыс орнату кезінде ол көрсетілмейді.
Username функциясы Android және iOS жүйелеріндегі WhatsApp-тың соңғы нұсқаларында кезең-кезеңімен қолжетімді бола бастады. Компания пайдаланушыларға өзіне ұнайтын атты алдын ала брондап қоюға мүмкіндік беріп жатыр. Ол үшін Баптаулар (Settings) → Аккаунт (Account) → Username бөліміне өту жеткілікті.
Сонымен қатар WhatsApp қауіпсіздікті күшейту үшін username key деп аталатын қосымша қорғаныс тетігін енгізеді. Бұл мүмкіндік қосылған жағдайда, пайдаланушыға хабарлама жіберу үшін тек username емес, арнайы код та қажет болады.
WhatsApp мәліметінше, жаңа функция барлық пайдаланушыға биыл кезең-кезеңімен қолжетімді болады.