ҰҚК Сабыровты тексеру қорытындысын жариялады

Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыров Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексеруінен өтті, деп жазады Тенгриньюс.
Бұған әлеуметтік желіде тараған видеолар себеп болған. Аталған видеода комик Украинадағы қақтығысқа қатысып жатқан әскери күштерге қаржылай көмек көрсетті деген мәлімдеме айтылған.
Осыған байланысты туындаған сұраққа ҰҚК жауап берді.
«Тексеру іс-шараларының нәтижесінде құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады ведомство.
Белгілі болғандай, Сабыров бойынша қылмыстық кодексінің 170-бабы аясында тексеру жүргізілген.
Аталған бап «жалдамалылық» қылмысын білдіреді. Яғни, соғысқа, қарулы қақтығыстарға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттерге адамдарды тарту, қаржыландыру, оқыту немесе пайдалану мәселелерін қамтиды.
Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандарға 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.