Жаңалықтар

Украинаның «Хочу жить» жобасынан шыққан дау: журналист неге полицияға шақырылды

Украинаның «Хочу жить» жобасы жариялаған тізімге аты-жөні енгізілгенін айтқан Өскемен қаласының тұрғыны журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Оның сөзінше, өзі Украинадағы соғысқа қатыспаған және жарияланған ақпарат салдарынан беделіне нұқсан келіп, жұмысынан айырылатын жағдайға жеткен. Ал журналист бұл жағдайдың Украина тарапы бұрын жариялаған деректер негізінде әзірленген материалға байланысты туындағанын айтып, арызданушының өтінішінен кейін даулы жарияланымды өшіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Жұмысымнан айырылып қалуым мүмкін»

Өзін Руслан Мухамедов деп таныстырған азамат журналист Лұқпан Ахмедияровты жазалауды талап еткен. Сөзінше, соғысқа қатысқандар тізімінен өзін тапқан ол Бас прокуратура мен ІІМ-нен журналист Лұқпан Ахмедияровты жауапқа тартуды сұраған.

“Менің құқығым бұзылып отыр. Жақында Лұқпан Ахмедяров Украинада Ресейге жақтаса соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялады. Менің оған түк қатысым жоқ. Ол жақта кім соғысып жүргенінде менің шаруам жоқ. Мен Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Менің репутациямды бұзғаны үшін Лұқпан Ахмедяровты жазалауды сұраймын. Мен соның салдарынан кейбір достарым мен туысқандарымнан айырылдым. Жұмысымнан да айырылып қалуым мүмкін”, – дейді ол.

Аталған азамат сөз бостандығының шегі мен ақпарат таратқан адамның жауапкершілігі болуы керек дегнен пікір айтты.

«Сөз бостандығы тексерілмеген ақпаратты жариялауға құқық бермейді. Мен қылмыскер емеспін. Мен – адал атына нұқсан келген азаматпын», – дейді Мұхамедов.

Лұқпан Ахмедяров не дейді

Журналист Лұқпан Ахмедияров өзінің жеке парақшасында күні кеше Астана қаласында полиция басқармасына шақырылғанын айтты. Сөзінше, Өскемен тұрғыны үстінен арыз түсірген.

“Украианның “Хочу жить” жобасы бұрын Украинадағы әскери қақтығысқа Ресей жағында қатысқан Қазақстанның 660 азаматының тізімін жариялаған еді. Мен сол туралы шығарылым жасағанмын. Сол тізімде кісінің аты аталған. Тиісінше, сол тізімдегі кісімен тура аттас адам маған арыз жазып отыр. Оның сөзінше, ол ешқашан әскери қақтығыстарға қатыспаған. 2024 жылдан бастап ол полицияда бірнеше рет жауап бергенін айтқан. Сол үшін полицияға жүгініп, маған арыз жазған”, – дейді журналист.

Полиция қызметкері журналистің көзінше арыз жазған адамға қоңырау шалған. Әлгі азамат журналистен егер сол 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жарияланымды арнасынан жойса, ешқандай арызы болмайтынын айтқан. Осыдан кейін аталған жарияланымды Лұқпан Ахмедяров арнасынан өшірген. Алайда одан жауап келмеген соң Ахмедяровты полиция үйіне жіберген. “Қазіргі жағдай осы” деп түйді әңгімесін Лұқпан Ахмедяров.

“Хочу жить” жобасы жайлы

«Хочу жить» (Өмір сүргім келеді) – Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы үйлестіретін мемлекеттік жоба. Ол 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғаннан кейін іске қосылған. Жобаның негізгі мақсаты – соғысқа қатысқысы келмейтін немесе тұтқынға өз еркімен берілгісі келетін ресейлік әскери қызметшілерге қауіпсіз байланыс арнасын ұсыну. «Хочу жить» сонымен қатар, уақыт өте келе Ресей армиясындағы шетел азаматтарына, соның ішінде келісімшартпен қызмет етіп жүрген азаматтарға қатысты ақпараттарды да жариялап отырады.  Бұған дейін “Ресей жағында соғысып жүр” деп, жоба 660 азаматтың тізімін жариялаған еді.

Back to top button