Жаңалықтар

Үкіметке сенімсіздік вотумы: Құрылтай туралы заң жобасының басты жаңашылдығы неде

Қазақстанда саяси жүйені өзгертетін жаңа Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобасы депутаттар тобының бастамасымен әзірленген.

Бірлескен комиссия төрағасы Марат Бәшімовтің айтуынша, құжат биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін іске асыру мақсатында дайындалған. Оның сөзінше, заң жобасының негізгі мақсаты – Құрылтай қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу және оның депутаттарының мәртебесін айқындау.

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Сонымен қатар Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады.

Құжатта Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерін тағайындау алдында Құрылтаймен консультациялар өткізу, министрлердің есеп беру тәртібі, Премьер-Министрдің Құрылтай алдында Үкімет қызметі туралы баяндама жасауы және Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру механизмі енгізілмек.

Марат Бәшімов заң жобасындағы негізгі өзгерістерге арнайы тоқталды.

«Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатарына енгізіледі және бұл құқықты Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік бюджетке әсер ететін депутаттық бастамалар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытынды беру мерзімі Конституциялық заң деңгейінде белгіленіп, 3 айды құрайды. Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылдың мынадай тетіктері айқындалған: Үкімет мүшелерінің лауазымына тағайындалатын кандидатуралар бойынша Құрылтаймен консультациялар өткізу, Үкімет мүшесінің өз қызметі мәселелері бойынша есеп беру тәртібі. Премьер-Министрдің Құрылтай отырысында Үкімет қызметі туралы баяндама жасауы және Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру тәртібі де қарастырылған. Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін қызметке тағайындауына келісім береді», – деді Бәшімов.

Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттарына Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылған. Сондай-ақ құжатта Конституциялық сот пен Жоғарғы Сот судьяларының қол сұғылмаушылығынан айыру тетіктері де қамтылған.

Заң жобасымен депутаттық әдеп қағидалары да бекітіледі. Бұған дейін бұл нормалар Парламент Регламентінде ғана қарастырылған болатын.

Бірлескен комиссияның мәліметінше, құжат мәтініне құқықтық олқылықтарды жоюға, нормалардың ішкі үйлесімділігін қамтамасыз етуге және оны жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіруге бағытталған бірқатар нақтылаушы түзетулер енгізілген.

Нәтижесінде Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберуді ұсынды.

Back to top button