Тұзды көлге түскісі келген ер адам өкпесі ісіп, көз жұмды
Павлодарда ер адам тұзды көлге түсемін деп өкпесі ісініп, ажал құшты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі ақпаратынша, оқиға 21 маусымда болды. Анықталғандай, 66 жастағы ер адам Шарбақты ауданындағы тұзды көл жағасында демалып жатқанда өкпесі ісініп, үшінші дәрежелі комаға түсті.
“Жергілікті медицина қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Кейінірек оны жедел жәрдем бригадаларына тапсырып, әрі қарай оны аудандық ауруханаға жеткізді. Өкінішке қарай, науқас жедел жәрдем бөлімінде көз жұмды”, – делінген ақпаратта.
МӘН-ЖАЙЫ
Өткен демалыста су маңында үш жағдай болды. Сенбі күні Павлодарда 15 жастағы қыз құтқару станциясы маңындағы өзенге аяғын ғана малған. Алайда аяғы құмға батып, тепе-теңдік жоғалтып, суға құлап кетті. Жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Ал 21 маусым күні 76 жастағы зейнеткердің Сабындыкөл көлінде батып кете жаздағаны туралы қоңырау түсті. Куәгерлер оны құтқарып, жағаға шығарған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізілді.