Жаңалықтар

Түркия соты Биньямин Нетаньяхуға халықаралық іздеу жариялады

Түркия соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Интерполдың «қызыл бюллетені» арқылы халықаралық іздеуге жариялау туралы аралық шешім қабылдады. Бұл туралы Halk TV телеарнасына хабарлады.

Ыстанбұлдың 11-ші ауыр қылмыстық істер жөніндегі соты Нетаньяхуды және осы іс бойынша өзге де айыпталушыларды қамауға алу туралы ордер берген. Олар адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, заңсыз бас бостандығынан айыру, қатыгездік көрсету, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау және көлік құралдарын заңсыз ұстау баптары бойынша айыпталып отыр.

Бұған дейін Ыстанбұл прокуратурасы дайындаған айыптау қорытындысы негізінде Нетаньяху мен Израильдің 34 жоғары лауазымды шенеунігіне қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Прокуратура олардың әрқайсысына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап отыр.

Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында Ыстанбұлдың Бас прокуратурасы Нетаньяху мен Израиль басшылығына қарсы қамауға алу ордерін берген. Олар Газа секторындағы геноцидке, жаппай әуе шабуылдарын ұйымдастыруға және гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтірді деген айыптармен тергеліп жатыр.

«Сумуд» гуманитарлық флотилиясы – ондаған елден келген белсенділерді, дәрігерлер мен еріктілерді біріктіретін халықаралық азаматтық бастама. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – Газа секторына теңіз арқылы гуманитарлық көмек жеткізу және халықаралық қауымдастықтың назарын өңірдегі гуманитарлық жағдай мен Израильдің теңіз блокадасына аудару.

Израиль билігі бұған дейін бірнеше мәрте мұндай гуманитарлық миссиялардың Газаға жетуіне жол бермейтінін мәлімдеп, флотилия кемелерін тоқтатып, Израиль порттарына бағыттаған. Кемелердегі белсенділер ұсталып, кейіннен елден депортацияланған.

2026 жылдың мамыр айында Израиль әскері құрамында 54 кеме, 39 мемлекеттен келген 426 қатысушысы бар «Сумуд» гуманитарлық флотилиясын теңізде тоқтатқан болатын.

Back to top button