Жаңалықтар

Түркістанда әскери қызметшілермен Абай мұрасына арналған тағылымды кездесу өтті

«Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» әдеби-танымдық апталығы аясында «Түркістан» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметшілеріне арналған танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Кездесуде ұлы ақынның шығармашылық мұрасы таныстырылып, қара сөздеріндегі терең ойлар талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ақын шығармашылығы кеңінен таныстырылды

Іс-шара барысында қатысушылар назарына Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге қойылған еңбектерге библиографиялық шолу жасалып, ақынның өлеңдері, қара сөздері мен ағартушылық көзқарастары туралы мазмұнды мәлімет берілді.

Танымдық кездесу әскери қызметшілердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, Абай шығармаларын тереңірек танып-білуіне мүмкіндік берді.

Абай мұрасы – рухани кемелденудің қайнар көзі

Абай мұрасы – халқымыздың ұлттық санасын қалыптастырып, адамды білімге, еңбекке және ізгілікке үндейтін баға жетпес рухани қазына. Ақын шығармаларында көтерілген ар-ұят, әділет, жауапкершілік, талап пен адамгершілік мәселелері қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайды.

Ұлы ойшылдың қара сөздері адам болмысына терең үңіліп, әрбір оқырманды өзін-өзі жетілдіруге, ғылым мен білімге ұмтылуға шақырады. Сондықтан Абай тағылымы жас ұрпаққа ғана емес, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілер үшін де ерекше мәнге ие.

Жетінші қара сөздің тағылымы

Кездесу барысында Абайдың Жетінші қара сөзі оқылып, оның философиялық мазмұны мен тәрбиелік маңызы жан-жақты сараланды. Бұл туындыда ақын адам бойындағы тән құмары мен жан құмарының ара-жігін ашып, дүниені танып-білуге деген табиғи ұмтылыстың маңызын көрсетеді.

Әскери қызметшілер қара сөзде көтерілген білімге құштарлық, ізденіс, адамгершілік және рухани даму мәселелері төңірегінде пікір білдіріп, еркін ой алмасты. Қатысушылар Абай айтқан «жан құмарының» адамды үнемі ізденуге, көргені мен естігенін зерделеуге жетелейтінін атап өтті.

Тағылымды іс-шара әскери қызметшілердің рухани дүниесін байытып, ұлы ақынның өсиеттерін күнделікті өмірде басшылыққа алудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Back to top button