$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Түркістан облысында нөсерден кейін ауылды су басты

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында толассыз жауған жаңбырдан кейін бірнеше елді мекенде сел жүрді. Әсіресе Қосағаш ауылында жағдай қиындап, лай су көшелермен ағып, тұрғын үйлердің аулаларына кірген, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Қосағаш ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде сел жүрген сәттің видеоларын жариялады. Кадрлардан лай судың ауыл көшелерімен қатты ағып жатқанын көруге болады.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәліметінше, сел 1 қазанда ұзаққа созылған нөсерден кейін жүрген. Су басу деректері аудандағы бірнеше елді мекенде тіркелген.

«Азаматтарға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар және қираған тұрғын үйлер жоқ», – деп хабарлады әкімдік.

Селдің салдарын жою жұмыстарына 64 адам мен тоғыз арнайы техника тартылған.

Қазір мамандар су басқан аумақтарды тазалап, сел салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жергілікті тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Әкімдік аудан тұрғындарын су қайта жүру қаупі бар аумақтарға жақындамауға шақырды.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button