Түркістан облысында «Музейлер шеруі» байқауының бас жүлде иегеріне көлік табысталды

Түркістан облысында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық «Музейлер шеруі» байқауының қорытындысы шығарылды. Жоба ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, музей саласын қолдауға және өңірдің үздік кәсіби жетістіктерін дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шара барысында облыстың үздік музейлері марапатталып, сала мамандарына мәдениетті дамыту мен тарихи мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін лайықты наградалар табысталды.

«Үздік музей» номинациясы бойынша бас жүлдені «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейі жеңіп алды. Жеңімпазға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан автокөлік табысталды.

Аталған номинация бойынша І орынды Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі иеленсе, ІІ орын Байдібек аудандық сәулет-көркемөнер музейіне бұйырды. ІІІ орынды Кентау қалалық музейі еншіледі.
Байқау аясында музей ісін түрлі бағытта дамытуға елеулі үлес қосқан музейлер мен қызметкерлерге арнайы марапаттар да тапсырылды. Атап айтқанда, «Ұлы Дала Елі» орталығы Ұлы дала тарихы бағыты бойынша үздік жұмысы үшін, Облыстық бейнелеу өнері музейі өнер саласындағы жетістіктері үшін, Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейі тарихи-өлкетану бағытындағы еңбегі үшін, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ тарихи-өлкетану музейі мемориалдық бағытқа қосқан үлесі үшін, Түркістан облыстық мақта шаруашылығы тарихы музейі мәдени-ағартушылық қызметі үшін марапатталды.

Сонымен қатар «Үздік экскурсия жүргізушісі» номинациясының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдені «Ұлы Дала Елі» орталығының экскурсия жүргізушісі Жарылқасын Ақниет Нұржанқызы иеленді.

Айта кетейік, облыстық «Музейлер шеруі» байқауы музей саласының кәсіби деңгейін арттыруға, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және сала мамандарын қолдауға бағытталған маңызды жоба болып табылады.