Жаңалықтар

«Түркістан Арена» УЕФА аясындағы алғашқы матчты қабылдап, стадионға көрермен лық толды

Түркістанда тарихи оқиға өтті – «Түркістан Арена» стадионы алғаш рет УЕФА аясындағы ресми матчты қабылдады. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында алаңда Қазақстан мен Словакия құрамалары кездесті.

Матч тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды: трибуналар көрерменге лық толды. Ресми мәлімет бойынша, ойынды шамамен жеті мың жанкүйер тамашалаған. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жанкүйерлер Қазақстан құрамасына белсенді қолдау білдірді.

Трибуналардың қызу қолдауына қарамастан, жеңіс қонақтар командасына бұйырды. Словакия құрамасы қорғаныста мығым ойын көрсетіп, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білді. Нәтижесінде кездесу 3:1 есебімен аяқталды.

Мұндай деңгейдегі матчтардың Түркістанда өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, осындай ауқымды спорттық шаралар жастар арасында футболды елде кеңінен насихаттайды.

«Түркістан Арена» халықаралық стандарттар мен УЕФА талаптарына толық сәйкес келеді. Алдағы 31 наурызда мұнда келесі матч өтеді: Қазақстанның жастар құрамасы Ирландия командасын қабылдайды. Кездесу сағат 20:00-де басталады, көрермендер үшін кіру тегін.

Back to top button