$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Тоқаев жаңа қорғаныс министріне нақты тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ақорда не дейді

Кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту және әскери басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берген.

“Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне баса назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін негізгі басымдық болуы керек екенін атап өтті. Президент кәсіби даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктеді. Сондай-ақ мемлекет басшысы сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп, Отанға адалдық қасиетін қалыптастыруға баса мән бере отырып, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне айрықша мән берілді”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып бүгін тағайындалған еді.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды. 

Back to top button