Теңіздегі ақаулардан кейін газ өндірісі азайды: Қазақстан газ импортына тәуелді бола ма
Энергетика министрлігі жыл басынан бері теңіз кен орнында бірқатар техникалық ақаулар болғанын растады.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкіметтің баспасөз орталығында бірқатар себепке байланысты газ өндірісі төмендегенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үкіметтің баспасөз орталығында Tizgin.kz тілшісі Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевқа:
«Энергетика министрлігі теңізден бастап бірқатар кен орындарындағы техникалық мәселелерге байланысты газ өндірісі төмендегенін хабарлады. Егер мұндай жағдай қайталанса Қазақстанның ішкі нарығында газбен қамтамасыз ету мәселесі туындамай ма? Газ импортына тәуелділік артпай ма?» деген сұрақ қойды.
Вице-министр жылдың басынан бері теңіз кен орнында бірқатар техникалық ақаулар болғанын айтты.
«Сол себепті мұнай өндірісі де, газ өндірісі де төмендеді, бірақ біздің халықта: жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын QazaqGaz» Қазақстанның ұлттық газ компаниясының арқасында сәйкес шараларды қабылдаған соң ешқандай шектеулер немесе газ тапшылығы болған жоқ. Қазіргі уақытта мұндай жағдайлар қайталанбас үшін теңіз кен орнында құрылтайшыларымен сәйкес жұмысты жалғастырудамыз. Ішкі нарықта газ тапшылығы болады деген болжам жоқ», – дейді Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.