Telegram-да боқтық сөз жазған тұрғын 10 тәулікке қамалды
Теміртау қаласының тұрғыны Telegram желісінде Бас прокуратураның жазбасына былапыт сөзбен пікір қалдырғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Не болған
Теміртау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жергілікті тұрғынға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша істі қарады.
Сот мәліметінше, 2 шілде күні сағат 19:05 шамасында ер адам Бас прокуратураның жазбасының астына балағат сөздермен пікір қалдырған.
Сот оның бұл әрекетін айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалады.
Ер адам қалай анықталған
Полиция қызметкерлері аталған пікірді әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған.
Сотта ер адамның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, өзінің кінәсін мойындаған түсініктемесімен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталды.
Сот шешімі
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының жеке басын, оқиғаға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, мүліктік жағдайын, сондай-ақ жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді.
Сот ер адамды 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.