Шымкенттен Сингапурға жаңа рейс ашылады
Рейс Қытайдың Санья қаласында транзиттік аялдамамен орындалады

SCAT Airlines Шымкент – Сингапур бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс ашады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, билеттер сатылымға шықты. Ал алғашқы рейс 20 қазанға жоспарланған.
Рейс қалай орындалады
Жаңа бағыттағы рейстер Boeing 737 MAX 8 ұшақтарымен орындалады. Ұшақ Қытайдың Санья қаласына уақытша қонады.
Шымкенттен Саньяға дейінгі ұшу уақыты шамамен 6,5 сағатқа созылады. Одан кейін жолаушылар Санья әуежайында екі сағаттай аялдайды. Бұл аралықта ұшақтан түскен жолаушылар әуежайдың стерильді аймағында болады. Ең бастысы – Қытайда паспорттық бақылаудан өтудің қажеті жоқ. Транзит аяқталған соң олар сол бағыт бойынша Сингапурға сапарын жалғастырады.
Саньядан Сингапурға дейінгі ұшу уақыты шамамен үш сағат болады.
Ұшақтағы қызмет
Маршруттың екі кезеңінде де жолаушыларға тамақ беріледі.
Шымкенттен ұшқаннан кейін жолаушыларға ыстық тағам ұсынылады. Ал Саньядан Сингапурға бағыт алған рейсте сэндвичтерден тұратын жеңіл ас беріледі.
Әуе компаниясының мәліметінше, бірыңғай маршрут жолаушыларға транзиттік аялдама кезінде қосымша рәсімдерден өтпей-ақ сапарын жалғастыруға мүмкіндік береді.