ШҚО-дағы KAZ Minerals шахтасында тағы бір жұмысшы қаза тапты

Шығыс Қазақстан облысындағы KAZ Minerals компаниясына қарасты шахтада тағы бір қызметкер көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қайғыра отырып хабарлаймыз: 30 мамыр күні сағат 20:30 шамасында «Востокцветмет» ЖШС-нің Артемьев шахтасында тау жынысының опырылуы салдарынан кәсіпорын қызметкері қаза тапты. Бұл – бүкіл ұжым үшін ауыр қаза. Біз әріптесіміздің отбасы, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпыз. Компания марқұмның отбасына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетеді», – деп хабарлады компания.
Қайғылы оқиға болған учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін құзырлы органдар өкілдері мен тиісті мамандардың қатысуымен тергеу жүргізіліп жатыр.
«Компания үшін оқиғаның толық көрінісін анықтап, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қандай қосымша шаралар қажет екенін түсіну аса маңызды. KAZ Minerals тобы басқарма төрағасы Андрей Третьяков арнайы құрылған комиссия мүшелерімен тұрақты байланыста және оқиға орнына бара жатыр», – деп мәлімдеді KAZ Minerals компаниясы.