TOP-2Эксклюзив

Әшімбаев партияларды белсенді емес деп сынады. Қожаназаров ол сөзбен келіспейді

Сенат төрағасы жақында Қазақстандағы партияларды белсенді емес деп сынаған еді. «Республика» партиясының басшысы Айдарбек Қожаназаровтан Tizgin.kz порталы бұл сын жөнінде не ойлайтынын сұрап көрді.

«Салыстыру қиын»

Айдарбек Қожаназаров Мәулен Әшімбаевтің бұл пікірін естігенін айтты.

«Бұл – Сенат спикерінің өз көзқарасы. Мен ол кісінің пікірімен 100 пайыз келіспеймін. Басқа партия жайлы айта алмаймын, нақты біздің партиямызда әр облыста филиалымыз бар. Әр филиалымыздың белсенділігін бақылап жүрміз. Бейсенбі сайын мен олармен зум-конференция өткіземін немесе өңірлерге өзім барып келем. Өңірлердегі белсенділікті арттыру жөнінде қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр – сондай мәселелермен айналысып жатырмыз», – дейді ол.

Қожаназаров бәлкім, осы жұмыстардың бәрі де Сенат спикерінің назарынан тыс қалып қалған шығар деп болжайды.

«Сенат спикері Аманат партиясынан болған соң тек өз партиясының белсенділігін ғана көретін шығар. Әлеуметтік желіде тек «Аманаттың» парақшаларына жазылған шығар. Менің ұсынысым – Сенат спикерінің басқа партиялардың да парақшаларына жазылса, белсенділігін көре алады деп ойлаймын», – деді ол.

Сонымен қатар Айдарбек Қожаназаров 30 жылдың тарихы бар партияны үш жылдық тарихы бар партиямен салыстыру өте қиын екенін де атап өтті.

Tizgin.kz порталы екі партиядан бөлек партиялар бар. Олардың жұмысы жөнінде не ойлайсыз деп сұралған. Қожаназаров олардың жұмысына кіріспейтінін әрі білмейтінін айтты. «Олардың парақшаларына жазылмағансыз ба?» деген сұраққа «Республика» басшысы олардың белсенділігін көріп жүргенін, олардың бірақ мүшелері өңірлерде қаншалықты екенін білмейтінін айтып түйіндеді.

Әшімбаев партияларды қалай сынады

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев өткен аптада Қазақстанның партиялық жүйесі әлсіз дамығанын және бүкіл ел бойынша мықты әлеуметтік базасы мен белсенділігі бар жалғыз партия – Amanat екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, басқа партиялардың халық арасындағы қолдауы төмен, көп өңірде олар белсенді емес, ал кейбірінің жұмысы мүлде мардымсыз. Бұл азаматтардың мүддесін білдіруге және оны парламент пен үкіметке жеткізуге кедергі келтіреді.

«Даму үшін адамдардың пікірін артикуляциялайтын, азаматтарымыздың көзқарасын білдіріп, оны парламентке, үкіметке жеткізетін институттар болуы тиіс», – деп түсіндірді ол.

Әшімбаев жаңа Конституция жобасына сәйкес Құрылтай (бір палаталы парламент) партиялық тізімдер бойынша жасақталатынын айтты. Партиялар 20 миллион қазақстандықтың, соның ішінде түрлі әлеуметтік топтардың пікірін білдіретін институтқа айналады деп есептейді ол.

«Бұл еліміздегі саяси партиялардың рөлін күшейту үшін жасалып отыр. Бүгінде еліміздің партиялық жүйесі жеткілікті деңгейде дамымағаны жасырын емес», – деп атап өтті Әшімбаев.

Мәслихаттарға азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы немесе партиялар атынан бірмандатты округтер бойынша сайлана алады. Спикер мұндай өзгерістердің қазақстандық ноу-хау емес, әлемдік тәжірибе екенін атап өтеді.

Back to top button