Жаңалықтар

Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді қалай өлтірген: тергеу нұсқасы жарияланды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс материалдарымен алдын ала танысу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы — прокурор Мирас Бауыржанов прокурор бекіткен айыптау қорытындысының мазмұнын оқып, процес қатысушыларына таныстырды. Құжатта тағылған айыптың мәні, айыпталушыға телінген әрекеттердің мән-жайы, сондай-ақ олардың Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша құқықтық саралануы көрсетілген.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу барысында жиналған негізгі дәлелдер мен айыптау тарапының іс бойынша ұстанымы жария етілді.

Іс материалдарымен танысу рәсімі заңда белгіленген тәртіпке сәйкес, процесс тараптарының қатысуымен өткізілді. Істің әрі қарайғы қаралу тәртібі процессуалдық нормаларға сай сот шешімімен айқындалады.

Тергеу Наурыз Мұқанғалиевтің қаза болу хронологиясын қалпына келтірді

Атырау облысының тергеу органдары Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын анықтады. Іс бойынша айыпталушы ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев танылып отыр. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиғаға қатысушылар арасында бұған дейін тұрмыстық сипаттағы жанжал болған. Уақыт өте келе олардың арасындағы шиеленіс ушығып, өзара наразылықтармен жалғасқан. Тергеу мәліметінше, тараптар арасындағы кикілжің ұзақ уақыт бойы сақталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыс Атырау облысындағы Мұнайшы ықшамауданындағы жеке үйлердің бірінде болған. Сәрсемәлиев пен Наурыз Мұқанғалиев арасындағы жанжал соңы төбелеске ұласқан.

Тергеу нұсқасы бойынша, төбелес барысында айыпталушы жәбірленушіге асүй пышағымен өлімге әкелетін дене жарақаттарын салған. Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу органдарының мәліметінше, қылмыс жасалғаннан кейін айыпталушы із жасыруға әрекеттенген. Марқұмның денесі жеке үй ауласында жасырылған, сондай-ақ ықтимал дәлелдерді жою шаралары жүргізілген.

Тергеу және сараптама

Қаза тапқан азамат ұзақ уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. Кейін оның сүйегі табылып, сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Сараптама қорытындысы марқұмның денесінде зорлық-зомбылықпен өлімге тән көптеген тірі кезінде салынған жарақаттар болғанын көрсетті. Атап айтқанда, ішкі ағзалардың зақымдануы мен денеге терең енген жарақаттар анықталған. Бұл жарақаттардың өлімге аз уақыт қалғанда салынғаны және тікелей өлім себебі болғаны нақтыланды.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс материалдары мәні бойынша қарау және үкім шығару үшін сотқа берілді.

Мейрамгүлдің өлімі

Атырау облысындағы алдын ала тергеу материалдарына сәйкес, Мейрамгүл Қарабалинаның қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша оқиға хронологиясы анықталған. Ақпарат процессуалдық сипатқа ие және тергеу органдарының деректеріне негізделген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев күндіз азық-түлік алып келгеннен кейін үйіне оралған. Сол сәтте үйде оның жұбайы Ақбаян, кәмелетке толмаған баласы және туысы Қарабалина болған.

Іс материалдарында көрсетілгендей, тараптар арасында тұрмыстық жағдайдың қиындығы мен қажетті азық-түліктің болмауына байланысты жанжал туындаған. Тергеу мәліметінше, Сәрсемәлиев пен Қарабалина арасындағы сөзжанжал кейін күрт шиеленіскен.

Одан әрі тергеу органдарының нұсқасы бойынша, күдікті жәбірленушіге пышақпен дене жарақаттарын салып, соның салдарынан әйел адам көз жұмған. Оқиғадан кейін ол мәйітті жасыруға және қылмыс іздерін жоюға әрекет жасаған.

Сонымен қатар іс аясында марқұмның жеке мүлкін, соның ішінде ұялы телефонын ұрлау дерегі де қарастырылып жатқаны атап өтілді.

Back to top button