$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарҚоғам

Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Сұлтан Сәрсемалиев аталған іс бойынша басты айыпталушы, деп хабарлайды Tizgin.kz.

СУДЬЯ НЕ ДЕЙДІ

29 жастағы жігітке өзінің қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деген айып тағылды.

Бүгінмемлекеттік айыптаушылар Сәрсемәлиевке осыған дейін тағылған айыпқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жариялады. Судья Зарема Хамидуллинаның хабарлауынша, адам өлтіру эпизодтары бойынша айыптауға жаңа саралау белгілері енгізілген.

“Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизоды бойынша айып Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағымен – басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған кісі өлтіру бабымен толықтырылды”, – деді судья.

АЛАЯҚТЫҚ АЙЫБЫ ДА ТАҒЫЛДЫ

Бұдан бөлек, Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтарымен толықтырылды. Тергеу нұсқасына сәйкес сал ауруына шалдығып, көру қабілеті бойынша III топтағы мүгедектігі бар жәбірленуші дәрменсіз күйде болған. Сонымен қатар тергеу органдары қылмыс мотиві ретінде әйелдің ата-анасы ажал құшқан соң полицияға жүгіну ниетін атап отыр.

Тағы бір өзгеріс ретінде айыптаудың әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға қатысты баппен толықтырылуын айта кетуге болады.

“Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды заңсыз алу эпизодтары бойынша сотталушының іс-әрекеті ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес – ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық бабымен толықтырылды”, – деді судья Зарема Хамидуллина.

Сөйтіп, Сәрсемәлиевке жәбірленушілер көз жұмған соң есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды заңсыз алуға қатысты алаяқтық айыбы қосымша тағылды. Эпизодтардың бірі бойынша шығын көлемі 520 996 теңге болғаны нақтыланды.

Back to top button