Салтанат Нүкенованың өлімі: Сот Байжановтың ісін қарап, шешім шығарды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АДВОКАТ НЕ ДЕДІ
Сот процесінде адвокат Әлібек Секеров Байжановтың бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, сонымен қатар, марқұм жәбірленушіге дене жарақатын салмағанын алға тартты.
– Сот ҚР Қылмыстық Кодексі 55-бабының, 2-тармағы, 2-тармақшасына жүгінді. Бұл норма жоғары жазаны тағайындауды ғана емес, нақты жағдайларға байланысты жазаны төмендетуді де қарастырады. Демек, жазаны ауырлататын факторлардың жоқтығы, керісінше, жеңілдететін себептердің болуы аталған норма бойынша жазаны төмендетуге негіз бола алады, – деді Әлібек Секеров.
Осыған сәйкес, сотталушының қорғаушы тарапы бас бостандығынан айыру жазасының мерзімін қысқартуды, болмаса ҚР ҚК-нің 63-бабы «Шартты соттау» жазасына ауыстыруды сұрады.
Ал жәбірленуші тарап адвокаты Әлия Омарова Байжановтың оқиға орнына сағат 10:20-да келіп, жедел жәрдем қызметіне тек кешке хабарласқанын, күні бойы аса ауыр қылмысты жасыруға тырысқанын еске салды. Сонымен қатар, алғашқы инстанция соты шешімді дәлелденген айып негізінде шығарғанын мәлімдеп, сотталушының кассациялық сотқа түсірген шағымын қанағаттандырмауды сұрады.
ПРОКУРОР ШАҒЫМДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРМАУДЫ СҰРАДЫ
Прокурор Асқарова да сот үкімін өзгеріссіз және сотталушы адвокаттарының шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Жаза тағайындаған кезде сот жасалған қылмыстың ауырлық деңгейі мен қоғамға қаупін, сотталушыға қатысты жеке деректерді, жазаны жеңілдететін жағдайлардың бар екенін және ауырлататын себептердің жоқтығын толықтай ескерді. Осылайша, жаза ҚР ҚК 52-бабына сәйкес және 55-баптың 2-тармағындағы талаптарды ескере отырып, тағайындалды, – деді ол.
СУДЬЯ ШЕШІМІ
Судья Сералин сотталушының қорғаушыларын және зайыбы Айнұр Күлдееваны, марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның адвокаттарын, мемлекеттік айыптаушыны тыңдап болеған соң Байжановтың жазсын өзгеріссіз қалдырды. Кассациялық сотқа түскен шағымды қанағаттандырмады.
Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала жоспарламай, жасыру бойынша кінәлі деп танылды. Сот сотталушының Нүкенова қайтыс көз жұмған соң, аса ауыр қылмыс жөнінде біле тұра, оның ізін жасыру шараларын атқарғанын анықтады. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдар қызметкерлеріне мейрамханаға кіруге кедергі келтірді, VIP-бөлмеге кіретін жолды жауып тастады, мейрамхананы жапты, мейрамхана қызметкерлерін таратып жіберді, мейрамханадағы бейнебақылау камераларын өшіріп, Нүкенованың телефонын басқа жерге апарды. Мейрамханаға бірнеше рет әйел адамның киімін алып келді. Осылайша, аса ауыр ауыр қылмысты алдын ала жоспарланбаған күйде жасыруға тырысты. Сотта айыптаулар дәлелденген, үкімнің негізі бар, – деді судья.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салсақ, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылғы қыркүйек айында Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш бергенімен, кейін оны кері қайтарып алған.