
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду Хорватияға қарсы кездесуде тағы да футбол тарихына енді. Тәжірибелі шабуылшы бірден бірнеше рекордтың авторы әрі иегері атанып, матчтың үздік ойыншысы деп танылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кездесу барысында Роналду 68-минутта пенальтиден гол соғып, командасының нәтижесіне үлес қосты. Кейін ол 81-минутта алаңнан ауыстырылды.
Бұл ойыннан кейін 41 жастағы португалиялық жаңа тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде гол соққан және матчқа қатысқан ең егде футболшы атанды. Роналду бұл рекордты 41 жас 147 күнінде тіркеді.
Сонымен қатар ол өзіне тиесілі бірнеше рекордты тағы да жаңартты:
- Ұлттық құрама сапында ең көп матч өткізген футболшы – 232 ойын;
- Ұлттық құрамалар деңгейіндегі ең үздік сұрмерген – 146 гол;
- Португалия құрамасы тарихындағы әлем чемпионаттарындағы ең нәтижелі ойыншы – 11 гол.
Осылайша Криштиану Роналду халықаралық футболдағы рекордтарын тағы бір мәрте толықтырып, әлемдік футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі екенін кезекті рет дәлелдеді.