$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35
Без рубрикиЖаңалықтар

Қытайда көлік сатылымы күрт төмендеді, ал экспорт 78%-ға өсті

Қытайда жеңіл автокөліктердің бөлшек саудадағы сатылымы тамыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,6%-ға төмендеп, 1,541 млн данаға дейін азайды. Мұндай деректі Қытай автомобиль дилерлері қауымдастығы жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері әлемдегі ең ірі автокөлік нарығындағы бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,8%-ға төмендеп, 11,716 млн автокөлікті құрады.

Негізгі құлдырау іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктер сегментінде байқалды. Бұл санаттағы көліктердің сатылымы 45%-ға төмендеген.

Көрсеткіштерге Ормұз бұғазындағы жағдайға байланысты Қытайда бензин бағасының тоннасына 1 720 юаньнан астамға (шамамен 117 мың теңге) қымбаттауы да әсер еткен.

Ал автокөлік экспорты тамызда керісінше өсу көрсетті. Шетелге шығарылған автокөліктер саны 77,8%-ға артып, 888 мың данаға жетті.

Оның ішінде жергілікті брендтердің сыртқы нарықтарға жеткізілімі 780 мың автокөлікті, ал бірлескен кәсіпорындар мен премиум брендтердің экспорты 108 мың автокөлікті құрады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button