Құрылтай депутаттарына мандат пен жаңа төсбелгі қашан беріледі
Құрылтай депутаттарына бұрынғы Парламент депутаттарының төсбелгісінен өзгеше жаңа төсбелгі беріледі. Бұған қоса, төсбелгіні жасау кезінде алтын қолданылмайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа сайланған депутаттар төсбелгіні бірден алмайды. Алдымен сайлау қорытындысы бойынша мандаттарды бөлуге қатысатын партиялар Құрылтайға нақты кімдердің баратынын анықтауы керек.
ОСК хатшысы Шавкат Өтемісовтің түсіндіруінше, сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялардың басшылық органдары отырыс өткізіп, өздеріне тиесілі мандаттарды кандидаттар арасында бөледі. Қабылданған шешім Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Осыдан кейін ғана ОСК депутаттарға қажетті құжаттарды әзірлеп, мандат иелеріне табыстайды.
«Мандаттардың кандидаттарға берілуі партиялардың басшылық органдарының қаншалықты жедел жұмыс істейтініне байланысты. Бізге мандаттарды кімдерге бергені туралы мәліметтер түскеннен кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз ғана уақыт қажет», – деді Шавкат Өтемісов.
Осы рәсімдер аяқталған соң жаңа депутаттар тиісті құжаттарымен бірге Құрылтай депутатының төсбелгісін алады.
Төсбелгі кішірейеді, алтын қолданылмайды
Құрылтай құрылғаннан кейін депутаттық төсбелгі де жаңа органға бейімделеді. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұрынғы Парламент депутаттарына берілген төсбелгінің жалпы дизайны мен түстік шешімі сақталғанымен, жаңа нұсқада бірнеше маңызды өзгеріс бар.
Соның бірі – төсбелгідегі жазу. Конституцияда енді Парламент ұғымы болмағандықтан, ондағы атау Құрылтайға сәйкес өзгертіледі.
«Бұл – бүкіл Қазақстан халқын білдіретін маңызды мемлекеттік орган. Сондықтан депутаттың төсбелгісі де салмақты болуы керек», – деді Нұрлан Әбдіров.
Жаңа төсбелгі бұрынғыдан көлемі жағынан кішірек болады. ОСК оның ықшам әрі жинақы етіп жасалғанын айтып отыр.
«Біз жалпы дизайнын және қолданыстағы төсбелгінің түстік шешімдерін сақтадық. Бірақ жаңа нұсқа әлдеқайда шағын, жинақы әрі, біздің ойымызша, тартымдырақ болып шықты», – деді ОСК төрағасы.
Тағы бір өзгеріс – жаңа төсбелгіде алтын қолданылмайды. Әбдіровтің айтуынша, бұрынғы депутаттық төсбелгіде пайдаланылған алтын түсті металл жаңа нұсқада болмайды.
Партиялар мандат иелерін анықтайды
Демек, Құрылтайға сайланған кандидаттардың депутат мәртебесін рәсімдеу процесінің жылдамдығы енді партиялардың шешіміне байланысты. Олар өздеріне тиесілі орындарды кандидаттар арасында бөліп, нақты тізімді ОСК-ға өткізгеннен кейін комиссия құжаттарды рәсімдеуге кіріседі.