Жаңалықтар

Қостанайда бұрынғы әйелін атып өлтірген тұрғынға үкім шықты

Қостанай тұрғыны бұрынғы әйелін карабин қаруымен атып өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Екі рет оқ атқан

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оқиғаның биыл наурыз айында болғанын мәлімдеді. Қызғаныштан бұрынғы жұбайымен жанжалдасқан ер адам оны өлтірмек болып аңшылық карабиннен екі рет оқ атқан.

Басы мен кеуде тұсына тиген оқтан әйел оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Қылмыс жасаған соң сотталушы оқиға орнынан кетіп қалған. Кейінірек полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындады.

Жәбірленуші тарап қандай жаза сұрады

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 14 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап ең жоғары жаза тағайындауды өтінді.

Сотталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Бұл жағадай жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.

Үкім қандай

Сот ер адамды адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

«Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот таратқан хабарламада.

Back to top button