Қостанай лагеріндегі шу: 9 қызметкер жұмысынан уақытша шеттетілді
Қостанай облысында ата-аналар шағымынан соң санитарлық дәрігерлер «Светофор» балалар лагерінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, өрескел заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПАРТАМЕНТ ДЕРЕГІ
Ресми ақпаратпен өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Мәлім болғандай, әлеуметтік желілерде лагерьдегі жағдай көрсетілген видеолар тараған. Кадрларда санитарлық тораптардың лас күйде екені, сондай-ақ бөлмелердің сапасыз жөндеуден өткені байқалады. Ата-аналардың айтуынша, кейбіріне нысандарды аралап көруге рұқсат берілмеген, бұған ДСЭК тарапынан тыйым бар екені айтылған.
Департамент мәліметінше, жоспардан тыс тексеріс барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған. Тексеру қорытындысында Алтынсарин ауданының бас санитарлық дәрігері бірқатар шешім қабылдады.
ЖАТЫН КОРПУСТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАТЫЛДЫ
Атап айтқанда, медициналық тексерістен өтпеген асхананың 9 қызметкері жұмысынан уақытша шеттетілді. Сонымен қатар балаларға беруге тыйым салынған спред, ірімшік өнімі, үй жағдайында өндірілген сүт пен жұмыртқа секілді өнімдерді, сондай-ақ жеміс шырындарын пайдалануға шектеу қойылды.
Үш жатын корпус жұмысы да тоқтатылды: екеуінде су жылытқыштар істемей тұрса, үшіншісінде раковина мен кәріз жүйесіне қатысты ақаулар анықталған. Бұдан бөлек, су жылытқыштың істен шығуына байланысты ас блогының қызметі де уақытша тоқтатылды. Әжетханалардың санитарлық жағдайы да «қанағаттанарлықсыз» деп танылды.
Кәсіпкерге 346 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.