Қазіргі Қазақстанда волонтерлік тек көмек көрсету формасы ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамның қалыптасуындағы маңызды элементке айналып отыр. Бұл қозғалыс адамдардың айналасында болып жатқан жағдайларға жауапкершілікпен қарап, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа мәдениетін қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еріктілік қызметінің дамуына серпін берген маңызды кезең – Қазақстандағы Волонтерлер жылы болды. 2020 жылы волонтерлік қызмет мемлекет тарапынан кең қолдауға ие болып, қайырымдылық пен тегін көмектесу идеясы қоғамда анағұрлым танымал әрі беделді бола түсті. Мыңдаған азаматтарды, әсіресе жастарды, тартуға мүмкіндік берген жаңа бағдарламалар, платформалар мен бастамалар іске қосылды.
Ал биыл Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Тұрақты даму мақсатында халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.
Бүгінде Қазақстандағы волонтерлік әртүрлі бағыттарды қамтиды: әлеуметтік көмек пен қайырымдылықтан бастап экологиялық акциялар мен білім беру жобаларына дейін. Волонтерлік бастамаларды үйлестіруде Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісі маңызды рөл атқарады. Ол түрлі топтардың күшін біріктіріп, жүйелі жұмыс жүргізуге жағдай жасайды.
Волонтерлік азаматтық қоғамды дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, волонтерлік белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді. Еріктілік жобаларына қатысатын адамдар қоғамдық өмірге жиі араласып, бастамашыл болып, оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналады.
GreenTAL әлеуметтік шеберханасының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров бұл жолға волонтерлік арқыля келгенін айтты.

“Менің волонтерлік қызметім 2012 жылы басталды. Ол кезде мен елордаға көшіп келдім, ал менде достар да, таныстар да, жұмыс та болған жоқ. Ұзақ уақыт жұмыс іздедім. Кейін волонтерлік жобаға қатыса бастадым. Біз Ақмола облысындағы балалар үйінен шыққан балаларды қоғамға бейімдеумен айналыстық. Біз оларға балалар үйінен шыққаннан кейін өмірде қажет болатын дағдыларды үйреттік.
Волонтер болғаннан кейін мен өзімді таптым, ортақ армандары бар пікірлес адамдарды кездестірдім. Волонтерліктің арқасында мен әлеуметтік кәсіпкерге айналдым. Біздің елімізде волонтерліктің дамып келе жатқанына өте қуаныштымын”, – дейді ол.
Ол жақында волонтерлік бағытта жаңа жоба басталатынын айтты.
“Жақында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша курс бастаймыз. Біз барлық практикалық және әдістемелік тәжірибемізді тегін негізде Пилоттық режимде сынақтан өткізгіміз келеді. Курс заңнамадан бастап тәжірибесі бар мамандардың ұсынымдарына дейінгі барлық негізгі тақырыптарды қамтитын 11 модульден тұрады”, – дейді Эмин Аскеров.
Дегенмен, Қазақстанда волонтерлік пен азаматтық қоғамды дамыту әлі де қолдауды қажет етеді. Тұрақты қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын дамыту және еріктілердің еңбегін барлық деңгейде мойындау маңызды. Сондай-ақ, өзгелерге көмектесу өмір салтының ажырамас бөлігіне айналатын ұзақ мерзімді мәдениетті қалыптастыру қажет.

“Мен Атырау қаласының “Азаматтық орталығында” волонтермін. Былтыр азаматтық қорғау саласында оқудан өттім, яғни біз төтенше жағдай болған кезде халыққа медициналық, психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. Мен өз көмегімді психолог ретінде көрсетемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалысты насихаттап, еріктілерге берілетін жобаларға қаржыландыруды арттырып жатыр”, – дейді волонтер Гүлжан Хиту.
2026 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды Волонтерлер форумына қатысып, еріктілерді қоғамның тірегі деп атап, олардың саны 300 мың адамға дейін артқанын айтты. Мемлекет басшысы волонтерлікті цифрландыру бастамаларын қолдап, бизнесті әлеуметтік жобаларға белсендірек қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, волонтерлер саны биыл 2020 жылғы 50 мыңнан 300 мыңға дейін өсті, 800-ден астам ұйым жұмыс істейді. Ол волонтерлерді мемлекет мүддесі үшін әрекет ететін жауапты азаматтардың үлгісі ретінде бағалады.