TOP-1Эксклюзив

Самокатшылар кінәсінен болатын апаттар азайса да, өздері жиі зардап шегіп жатыр

Кейінгі жылдары Қазақстанда мопедтер мен электр самокат тізгіндеу талаптары кезең-кезеңімен күшейтілді. Құқықтық статистикаға сүйене отырып, Tizgin.kz осы өзгерістер самокатшыларға қалай әсер еткенін талдап көрді.

Күшіне енген заң

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріліп, оларды мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік нөмір алу, техникалық құжат рәсімдеу және жүргізушінің A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы міндетті болды. Ал биылғы 1 шілдеден бастап электр самокатқа қатысты жаңа талаптар күшіне еніп, прокат самокаттарын міндетті нөмірлеу, жүргізушіні сәйкестендіру және жүргізуші куәлігінсіз жалға беруге шектеу енгізілді. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау күшейтілді.

Статститика нені көрсетті

2026 жылдың алғашқы алты айында мопедтер мен электр самокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының құрылымында қарама-қайшы үрдіс байқалды. Бір жағынан, осы көлік құралдарын жүргізушілердің өз кінәсінен болатын апаттар азайса, екінші жағынан олардың өздері зардап шегетін оқиғалар кей санаттар бойынша көбейген.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Атап айтқанда, мопед жүргізушілерінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының саны бір жылда 581-ден 390-ға дейін, яғни 191 оқиғаға немесе 32,9% азайды. Электр самокат жүргізушілерінің кінәсінен болған ЖКО да 75-тен 47-ге дейін төмендеп, 28 оқиғаға немесе 37,3% қысқарды. Ал мопед пен электр самокаттан өзге гироскутер, монодөңгелек, сегвей, электр скейтборд сияқты шағын электрлі көлік жүргізушілерінің кінәсінен болған апаттар, керісінше, 78-ден 97-ге дейін өсіп, 19 оқиғаға немесе 24,4% артты.

Мопед жүргізушілерін қағып кеткен жол-көлік оқиғаларының саны 2025 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 92-ден 82-ге дейін азайып, 10 оқиғаға немесе 10,9% төмендеді. Ал электр самокат жүргізушілерін қағып кеткен оқиғалар 113-тен 145-ке дейін өсіп, 32 оқиғаға немесе 28,3% көбейді.

Back to top button