Қазақстанда қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қашан қайта енгізіледі
Есептеулер келісу үшін Қаржы министрлігіне жолданған.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайта енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әңгіме І типті қант диабеті туралы болып отыр
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл әңгіме І типті қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайта енгізу туралы болып отыр.
2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу аясында министрлік осы дертке шалдыққан науқастарды медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қажетті қосымша қаржы көлемін есептеген.
Шешім Қаржы министрлігімен келісілгеннен кейін қабылданады
Есептеулер келісу үшін Қаржы министрлігіне жолданған. Келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірлейді.
Қант диабетімен ауыратындар саны артып келеді
Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша І типті қант диабетімен 31 013 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде 6 130-ы – балалар. Ал 2025 жылғы 30 маусымда бұл көрсеткіш 30 577 адам болса, оның ішінде 5 625-і – бала.
ІІ типті қант диабеті де көбейген
ІІ типті қант диабетімен есепте тұрған науқастар саны да өскен.
2026 жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша, динамикалық бақылауда 549 072 адам, оның ішінде 422-і – бала. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш – 504 456 адам, оның ішінде 394-і – бала.
Қант диабеті тізімнен неге шығарылған еді?
Еске салайық, 2025 жылы қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылған болатын.
Еске сала кетсек, қазақстандық пациенттер Денсаулық сақтау министрлігінің қант диабетін әлеуметтік маңызды аурулар тізімінен алып тастау шешіміне қарсылық білдірді. Соған байланысты олар онлайн-петиция бастаған еді.
Ал 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда қант диабетін қайтадан әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына енгізу мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды.
Сондай-ақ, диабет, қатерлі ісік, деменция сияқты өлімге әкелуі мүмкін дерті бар адамдардан қандай иіс шығатыны туралы жазған болатынбыз. Мамандардың айтуынша, ацетон немесе шіріген алма иісі – қант диабетінің классикалық белгілерінің бірі. Бұл инсулин тапшылығы мен кетоацидоз кезінде пайда болады. Мұндай жағдайда ағза энергия алу үшін қанттың орнына майларды ыдырата бастайды.