Диабет, қатерлі ісік, деменция: Өлімге әкелуі мүмкін дерті бар адамдардан қандай иіс шығады
Дене иісінің өзгеруі ауыр дерттердің алғашқы ескерту белгісі болуы ықтимал.
Инфекционист дәрігер Марият Мухина Life.ru басылымына берген сұхбатында адамды алаңдатып, дәрігерге қаралуға мәжбүрлейтін иістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Маманның айтуынша, ағзадағы биохимиялық бұзылыстар кезінде денеден ерекше иістер бөлінуі мүмкін. Тәжірибелі дәрігер науқасты тексеру барысында бұл белгіге міндетті түрде назар аударады.
«Дәрігер науқасты тексерген кезде тері жамылғысының түсін, оның серпімділігі мен температурасын ғана емес, сонымен қатар кейбір аурулардың, зат алмасу бұзылыстарының немесе тері күтіміндегі кемшіліктердің жанама белгісі болуы мүмкін иістерді де ескеруі тиіс. Басқа симптомдарды, объективті тексеру нәтижелерін және зертханалық талдауларды назарға ала отырып, дәрігер диагноз қояды. Дене иісінің өзгеруі ағзадағы әртүрлі биохимиялық бұзылыстармен байланысты болуы мүмкін. Кейбір ерекше иістер ауыр дерттің белгісі болуы ықтимал», – дейді инфекционист дәрігер Марият Мухина.
Алаңдатуы тиіс негізгі иістер:
Аммиак иісі – бүйрек жұмысының бұзылғанын, тіпті бүйрек жеткіліксіздігінің дамуын көрсетуі мүмкін.
Хлор иісі – бауырдың ауыр ауруларын, аминқышқылдары алмасуының бұзылуын және ағзаның жалпы улануын білдіруі ықтимал.
Ацетон немесе шіріген алма иісі – қант диабетінің классикалық белгілерінің бірі. Бұл инсулин тапшылығы мен кетоацидоз кезінде пайда болады. Мұндай жағдайда ағза энергия алу үшін қанттың орнына майларды ыдырата бастайды.
Жұпар иіс (мускус) – нейроэндокриндік жүйедегі өзгерістерге байланысты Паркинсон ауруының ерте кезеңдерін меңзеуі мүмкін.
Ашытқы иісі – көбіне Альцгеймер ауруымен қатар жүреді.
Саңырауқұлақ, көгерген зат немесе шіріген ет иісі – онкологиялық аурулардың асқынған сатыларына тән. Қатерлі ісік жасушалары оттегісіз ортада жұмыс істеп, осындай иіс бөледі.
Күкірт иісі – асқазан мен ішек жұмысының бұзылғанын көрсетуі мүмкін.
Сірке суы тәрізді қышқыл иіс – туберкулез, эндокриндік бұзылыстар немесе D дәруменінің тапшылығы кезінде байқалады.
Сонымен қатар, темекі шегетін адамдардың терісінен никотиннің, ал алкогольге тәуелді адамдардың терісінен алкогольдің иісі шығып тұрады. Тері де бүйрек сияқты ағзадан зиянды заттар мен токсиндерді шығаруға қатысатын мүшелердің бірі болып саналады.
Марият Мухина денеден немесе зәрден шығатын ерекше иіс ұзақ уақыт сақталып, кәдімгі гигиеналық шаралардан кейін де жоғалмаса, міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет екенін атап өтті. Мұндай белгі көбіне аурудың басқа айқын белгілерінен бұрын пайда болуы мүмкін.
Маманның сөзінше, ағзадағы өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлу қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ал ерте анықталған дертті емдеу әлдеқайда тиімді болады.