TOP-2Жаңалықтар

Қазақстанда пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама күшейтіледі. Сенат жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар заңды қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа түзетулерге сәйкес, енді пара беруге уәде ету, пара ұсыну немесе пара талап ету әрекеттері үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар заңсыз сыйақы алғаны үшін жаза күшейтіледі.

Заң аясында мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік өкілеттіктерін жеке мүддесіне пайдалануға тыйым салынады. Бұдан бөлек, олар жеке мүдделерін декларациялауға міндеттеледі.

Сондай-ақ туыстардың бір мемлекеттік органда бірге жұмыс істеуіне қатысты шектеулер кеңейтіледі. Бұрын тек тікелей бағыныштылыққа тыйым салынса, енді жанама ықпал ету жағдайлары да ескеріледі. Нәтижесінде бір ведомствода басшының жиендері, жезделері, құдалары, қайын інілері мен күйеу балаларының қызмет атқаруына шектеу қойылады.

Антикоррупциялық шектеулер енді квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне және бюджет пен Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларға қатысушыларға да қолданылады. Бұдан бөлек, кадрлық процестер толықтай «Е-қызмет» жүйесі арқылы бірыңғай цифрлық форматқа көшіріледі.

Заңда заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі де күшейтілген. Ал жеке тұлғалар үшін мұндай құқықбұзушылықтарға қатысты талап қою мерзімі үш жылға дейін ұлғайтылды.

Back to top button