«Бөлінгенді бөрі жейді»: Қазақстанда компанияларға ру атауын беруге тыйым салу ұсынылды

Қазақстанда кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарға қазақтың ру-тайпаларының атын беруге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Бұд бастаманы депутат Аят Сүгірбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстанда 800-ге жуық ұйым ру атымен аталған
Аят Сүгірбай соңғы жылдары елімізде ескерткіш орнату, көшелерге атау беру және оларды өзгерту мәселелері заң жүзінде реттелгенін атап өтті. Бұған дейін ономастика мәселелері әр өңірде әртүрлі шешілсе, қазір ортақ талаптар белгіленіп, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері айқындалған.
Депутаттың айтуынша, елімізде шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге, фирмалар мен кәсіпорындарға қазақ руларының атын беру жиілеген.
«Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасының мәліметінше, Қазақстанда ру атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.
«Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес», – деді Аят Сүгірбай.
Парламентарийдің пікірінше, кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдықтың қайта белең алуына әкелуі мүмкін. Депутат мұны тек атауға қатысты мәселе емес, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей әсер ететін құбылыс деп бағалады.
Ру атауы әділ бәсекеге кері әсер етуі мүмкін бе?
Аят Сүгірбай қоғамда жершілдікке, рушылдыққа және жүзге бөлінуге жол бермеу керектігін айтты. Оның пікірінше, мұндай түсініктердің қалыптасуы кәсіпкерлік ортаға да кері әсер етуі мүмкін.
«Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады. Мұндайға жол беруге болмайды, тіпті бұл мысалдарды жөнсіз әрі қисынсыз бастама деп қарауымыз қажет», – деді депутат.
Ол тарихи шежірені құрметтеу мен ру атауын коммерциялық мақсатта пайдаланудың аражігін ажырату қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар депутат ру атымен аталған кәсіпорындардың қызметіне немесе өніміне қатысты айтылған сын-пікірдің сол рудың өкілдеріне де тиіп кетуі мүмкін екеніне назар аударды. Оның сөзінше, мұндай жағдай руаралық араздықтың туындауына себеп болуы ықтимал.
«Қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деген нақыл сөз бар. Халқымыз ел бірлігін, татулықты ерекше қадірлеген. Мемлекет басшысы да халқымыздың бірлігі мен татулығын сақтау басты міндеттің бірі екенін үнемі айтады. «Руды білу – тарихты тану, бірақ руға бөліну – бірлікті бұзу» екенін ұмытпауымыз керек», – деді парламентарий.
Депутат қандай заңға өзгеріс енгізуді ұсынды?
Қазіргі уақытта Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында заңды тұлғаларға ру атауын беруге тікелей тыйым салатын норма жоқ. Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған.
Осыған байланысты Аят Сүгірбай «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ өзге де тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.
Атап айтқанда, депутат ру немесе жүз атымен аталатын заңды тұлғаларды тіркеуге және қоғамдық бірлестіктер құруға шектеу қоятын арнайы норма енгізу қажет деп есептейді.
Парламентарий Әділет министрлігінен заңды тұлғалардың атауына қойылатын талаптарды нақтылап, ұйымдарға қазақтың ру-тайпаларының атын беруге заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.
Әзірге бұл бастама депутаттық ұсыныс деңгейінде қалып отыр.