Жаңалықтар

Атырауда үш елдің өндірістік қуатынан асып түсетін полиэтилен зауыты салынып жатыр

Атырау облысында Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы ең ірі өнеркәсіптік жобаларының бірі жүзеге асырылып жатыр. Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы кәсіпорынның өндірістік қуаты Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжандағы осындай зауыттардың жиынтық көрсеткішінен асып түседі. 2029 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған кешеннің жалпы орындалу деңгейі қазірдің өзінде 42 пайыздан асты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үш елдің өндірістік қуатынан асып түсетін зауыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық мұнай-газ химиясы саласын дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындар құру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған жобаны «Силлено» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Болашақ кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты әлемдік полиэтилен өндірісінің шамамен 1 пайызына тең болмақ.

Жобаның ауқымын құрылыс алаңына орнатылып жатқан технологиялық жабдықтардан да аңғаруға болады. Мәселен, қазақстандық «АтырауНефтеМаш» кәсіпорны шығарған этилен фракционаторының биіктігі 101,8 метрге жетеді. Бұл – 30 қабатты ғимараттан да биік. Диаметрі 7,5 метр болатын алып колоннаның салмағы шамамен 1 500 тонна тартады.

Фото: Bolatkhan

Оны орнату үшін құрылыс алаңында жүк көтергіштігі 4 мың тонна болатын шынжыр табанды кран арнайы құрастырылған. Өз санатындағы әлемдегі ең ірі крандардың бірі саналатын бұл техника мен жүк көтергіштігі 1 700 тонна болатын қосалқы кранның көмегімен колоннаны монтаждау жұмыстары шамамен бес сағатқа созылған.

Қазір құрылыс алаңында 5 200-ден астам адам еңбек етіп, 680-нен астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыстың ең қарқынды кезеңінде жұмысшылар саны 15 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. Ал кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Фото: Bolatkhan

Жобаның негізгі құрылыс жұмыстары 2025–2028 жылдарға жоспарланған. 2028 жылы кешеннің механикалық дайындығын аяқтап, іске қосу-баптау жұмыстарына кірісу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр.

Қазақстан қандай өнім өндіреді және жобадан не ұтады?

Болашақ зауытта полиэтиленнің 15-тен 24-ке дейінгі маркасын өндіру көзделген. Оның 40 пайызы премиум санаттағы өнім болмақ. Полиэтилен медицинада, ауыл шаруашылығында, машина жасауда, электр энергетикасында, сондай-ақ құбыр, кабель және қаптама материалдарын өндіруде кеңінен қолданылады.

Өндірістің негізгі шикізаты Теңіз кен орнының құрғақ газынан бөлініп алынатын этан болады. Кәсіпорын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этан тұтынады. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы газ сепарациялау кешені мен магистральдық құбырлар салу жөніндегі жеке жобаны жүзеге асырып жатыр.

Алып өндіріс орнының құрылысы отандық кәсіпорындарға да жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгінде 40-қа жуық қазақстандық компаниямен жалпы құны 1,2 млрд АҚШ долларынан асатын келісімшарттар жасалған. Олар жобалау, жабдықтар мен құрылыс материалдарын жеткізу, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысады.

Атап айтқанда, отандық кәсіпорындар жобаға 20 мың тоннадан астам металл конструкциясын, 1 500 тоннадан астам құбыр өнімін және 33 трансформаторлық жабдық жеткізбек. Құрылысқа қажетті бетон мен қадалар да қазақстандық өндірушілерден алынған.

Фото: Bolatkhan

Кәсіпорынды іске қосуға қажетті инженерлік кадрларды даярлау жұмыстары да басталып кетті. Халықаралық мердігерлер Tecnicas Reunidas және Tecnimont (MAIRE) қазақстандық жас мамандарды Испания мен Италияда оқытып, тағылымдамадан өткізіп жатыр. Төрт жылға есептелген оқыту бағдарламалары 400-ден астам жас маманды қамтымақ. Атыраудағы бұл жоба Қазақстан үшін кезекті ірі өнеркәсіп нысаны ғана емес. Оның стратегиялық маңызы – елдің мұнай-газ ресурстарын терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру мүмкіндігін кеңейтуінде. Кәсіпорын толық қуатына шыққан жағдайда Қазақстан әлемдік полиэтилен өндірісінің шамамен 1 пайызын қамтамасыз ете алатын елге айналмақ.

Back to top button