Күтпеген кездесу: Ақан Сатаев “Күлпәш” фильміне келген 10 көрерменге алғысын айтты (Видео)
Ашаршылық тарихы жайлы фильм түсірген режиссер Ақан Сатаев “Күлпәш” фильміне келген 10 көрерменге алғысын айтты. Фильм біткен соң көрермен үшін бұл – күтпеген кездесу болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Бір-ақ адам болса да, мен келемін! Әрбір көрерменге мың алғыс!” – деді Ақан Сатаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұған дейін режиссер Ақан Сатаевтың Ашаршылық жылдарындағы қасіретті бейнелейтін «Күлпәш» фильмі кинотеатрларға шыққанымен, көрермендердің аздығы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кейбір қазақстандықтар фильмді залда жалғыз немесе екі адам ғана отырып тамашалағанын айтқан.
Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген тарихи драманың кинотеатрлардағы көрсетілімі бастапқы жоспардан шамамен бір аптаға кеш басталды. Фильм 11 қарашада прокатқа шығуы тиіс болған, алайда 10 қарашаға жоспарланған тұсаукесер кейінге шегерілді. Ақыры картина 18 қарашада көрерменге жол тартты. Режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде халыққа үндеу жасап, фильмді қолдауға шақырды.
«Күлпәш» – жазушы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген тарихи драма. Туындыда қазақ даласындағы ашаршылық жылдарында өмір сүрген отбасының ауыр тағдыры, жоқшылық пен аштық жағдайында жақындарын аман алып қалуға тырысқан ананың күресі суреттеледі. Фильмде басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Бәйкенже Белбаев және басқа да актерлер сомдаған.