TOP-1Қаржы

2027 жылы декреттік төлем қалай есептеледі

Қазақстанда 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты әйелдің жүктілігі мен босанғаны үшін берілетін әлеуметтік төлемді есептеуге негіз болатын табыстың шекті мөлшері 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін артады. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттік төлемнің қалай есептелетінін және оны рәсімдеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда 130,1 мың әйел жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алған. Оларға төленген қаражаттың жалпы көлемі 144,6 млрд теңгені құрады.

Декреттік төлем қалай есептеледі

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін біржолғы әлеуметтік төлемді жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдар жасаған әйелдер ала алады. Сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды өз бетінше төлейтін жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын әйелдер де мұндай төлем алуға құқылы. Жаңа туған баланы асырап алған жағдайда да әлеуметтік төлем қарастырылған.

Декреттік төлемнің мөлшері екі негізгі көрсеткішке байланысты:

  • әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы;

  • жүктілікке және босануға байланысты демалыстың ұзақтығы.

Қалыпты босану кезінде декреттік демалыс 126 күнге созылады және төлемді есептеу үшін 4,2 коэффициенті қолданылады. Ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда демалыс 140 күнге ұзартылып, 4,67 коэффициенті қолданылады. Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аймақтарда тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.

2027 жылы ең төменгі жалақының өсуіне байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін айлық табыстың шекті мөлшері 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін, яғни 29,4 пайызға артады. Егер қызметкердің жалақысы белгіленген шекті мөлшерден жоғары болса, жұмыс беруші айырманы өтей алады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық шартта әйелдің орташа жалақысын толық сақтауға мүмкіндік беретін қосымша төлемді қарастыра алады.

2027 жылы не өзгереді

Жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы жүктіліктің 30-аптасынан бастап беріледі. Әйел құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде әлеуметтік төлем алуға өтініш бере алады.

Электронды еңбекке жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін жүйе әйелдің әлеуметтік төлем алу құқығын автоматты түрде тексеріп, төлемді тағайындау үшін SMS-хабарлама жібереді. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы, банктердің мобильді қосымшалары немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады. Табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ, өйткені жүйе қажетті мәліметтерді мемлекеттік деректер базасынан алады. Егер босану кезінде асқынулар болса, қосымша 14 күнге берілген еңбекке жарамсыздық парағы негізінде әлеуметтік төлем мөлшері автоматты түрде қайта есептеледі.

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріле бастайды. Өзгерістер А және В санаттарына жататын отбасыларға қатысты болмақ. Олардың қатарында бала тууына, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты және көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар бар. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін ерекшеліктер қарастырылған. Отбасының әл-ауқат деңгейін анықтау кезінде оның табысы ғана емес, өзге де көрсеткіштер ескеріледі. А санатына 1800 және одан жоғары балл жинаған отбасылар, ал В санатына 730-дан 1799-ға дейін балл жинаған отбасылар жатады.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтар банктік деректерін ұсынудан бас тартқан жағдайда әлеуметтік төлемдер тоқтатыла тұруы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Back to top button