Жаңалықтар

Жолдаудағы әлеуметтік бастамалар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған – сарапшы

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында адам капиталының сапасын арттыру, өңірлердегі өмір сүру жағдайын жақсарту және отбасыларды қолдау маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, ана мен бала денсаулығын қорғауға және өскелең ұрпақтың әлеуетін ашуға бағытталған бастамаларды атап өтті.

«Халықтық құрылыс» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Мұндай жобалар азаматтардың сапалы әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің даму әлеуетін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері де өзекті.

Осы бастамалардың қоғамға ықпалы, отбасылық саясаттың басымдықтары, ана мен бала денсаулығын қорғау және адам капиталын дамыту мәселелері жөнінде «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасылық саясат бөлімінің басшысы Ақнұр Иманқұлмен сұхбаттастық.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтерді. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынады. Бұл бастама өңірлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтып, халықтың өмір сапасын жақсартуға және қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтуға қалай ықпал етеді?

— «Халықтық құрылыс» бастамасының әлеуметтік маңызы азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге, медициналық көмекке және қолайлы өмір сүру ортасына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуімен байланысты. Өңірлер арасындағы әлеуметтік алшақтық табыстың айырмашылығынан ғана көрінбейді. Ол баланың қандай мектепте оқитынынан, отбасының дәрігерге қаншалықты тез жете алатынынан, спортпен және шығармашылықпен айналысу мүмкіндігінен де байқалады. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту адамдардың өмірлік мүмкіндіктеріне тікелей қатысты.

Ұлттық статистика бюросының деректері өңірлік айырмашылықтардың елеулі екенін көрсетеді. 2025 жылы табысы күнкөріс минимумынан төмен халықтың үлесі ел бойынша 5% болған. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш 3,8%-ды, ауылдық жерлерде 7,1%-ды құраған. Бұл айырмашылық ауылдық аумақтарда табысты арттыру шараларымен бірге, негізгі қызметтердің қолжетімділігін кеңейтудің де маңызды екенін көрсетеді.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының  «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасын дайындау аясында жүргізген зерттеулері әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелердің ата-аналар үшін бірнеше жыл бойы өзекті болып отырғанын көрсетеді. Мектепке дейінгі тәрбиенің қолжетімділігі мен сапасын өзекті мәселе деп бағалағандардың үлесі 2022 жылғы 58,3%-дан 2026 жылы 62,7%-ға жеткен. Балаларға арналған үйірмелер мен секциялардың сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көрсеткіш 2026 жылы 67,4%-ды құрап, 2022 жылғы деңгейде қалған. Бұл нәтижелер аталған бағыттарға тұрақты назар аудару қажеттігін көрсетеді.

Жаңа нысандар отбасылардың күнделікті шығындарына да ықпал ете алады. Үйге жақын балабақша ата-ананың жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтеді. Аудандық аурухана басқа қалаға емделуге баруға байланысты жол және тұру шығынын азайтуы мүмкін. Сапалы жол ауыл тұрғындарының жұмыс орындарына, білім беру және медициналық ұйымдарға жетуін жеңілдетеді. Осындай өзгерістердің жиынтық әсері отбасының уақытын үнемдеп, тұрмысын тұрақтандыруға жағдай жасайды.

Спорт және мәдениет нысандарының қоғамдық маңызы да жоғары. Олар балалар мен жастардың қабілетін дамытуға, тұрғындардың араласуына, ұрпақтар арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Тұрғындар өз елді мекенінде баласының дамуына, денсаулығын сақтауға және бос уақытын мазмұнды өткізуге жағдай бар екенін көргенде, сол өңірдегі болашағын сенімдірек жоспарлай алады.

Бұл әлеуетті жүзеге асыру үшін құрылыс жобаларын халық санына, көші-қонға, балалардың жас құрамына және қолданыстағы нысандардың жүктемесіне сәйкес жоспарлау қажет. Ғимаратпен бірге мамандар, жабдықтар, көлік қатынасы және оны ұстауға арналған қаржы қарастырылуы тиіс. Азаматтардың сенімі дәрігерге бару уақыты қысқарғанда, мектептегі орын тапшылығы азайғанда, балаларға арналған қызметтер қолжетімді болғанда нығаяды. Сондықтан бастаманың әлеуметтік нәтижесін тұрғындардың күнделікті өміріндегі осындай өзгерістер арқылы бағалаған жөн.

—  Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігін атап өтті. Сонымен бірге әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін айтты. Президент ұсынған бұл тәсіл қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға қалай әсер етеді?

— Президент ұсынған тәсіл әлеуметтік қолдауды адамның өмірлік жағдайын тұрақтандырумен және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасаумен байланыстырады. Қиын кезеңде отбасының негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, оның денсаулығын, балалардың білім алуын және еңбекке қатысу мүмкіндігін сақтау өзара сабақтас міндеттер ретінде қарастырылуы қажет.

ҚҚДИ зерттеулері көмектің тиімділігін арттыруда ақпараттың қолжетімділігі ерекше маңызды екенін көрсетеді. Отбасыларды қолдау шаралары туралы ақпараттың жеткіліксіздігін өзекті деп бағалағандардың үлесі 2022 жылы 64,9%, 2024 жылы 65,8%, 2026 жылы 66,0% болған. Үш зерттеуде де көрсеткіштің жоғары болуы азаматтарға қандай қолдау қарастырылғанын және оны қалай алуға болатынын түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Көмекке жүгіну тәртібі де маңызды. ҚҚДИ-дің 2026 жылғы сауалнамасында мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатыспағандардың 22,8%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмегенін, 19,8%-ы құжат жинау мен бюрократиялық рәсімдердің қиындығын, 11%-ы көмекті шын мәнінде алатынына сенбегенін атаған. Бұл жауаптар қолдаудың атаулылығын арттырумен бірге, рәсімдердің түсініктілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.

Әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан әр отбасының жағдайына сәйкес қолдау ұсыну маңызды. Мысалы, ерекше қажеттілігі бар балаға күтім жасайтын ата-ана үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігі баланың күндізгі күтімі мен оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ақшалай көмек, әлеуметтік қызметтер және икемді жұмыспен қамту бірін-бірі толықтыруы тиіс. Ал ұзақ мерзімді әлеуметтік қорғауға мұқтаж адамдар үшін көмектің тұрақтылығы сақталуы қажет.

Әлеуметтік жауапкершілік тараптардың нақты міндеттері арқылы қалыптасады. Мемлекет сапалы қызметтер мен түсінікті қолдау тетіктерін қамтамасыз етеді. Жұмыс берушілер отбасылық міндеттерді ескеретін еңбек жағдайларын ұсынады. Еңбек етуге мүмкіндігі бар азаматтарға оқуға, біліктілігін арттыруға және тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасалады. Осы міндеттер өзара үйлескенде адамның дербестігі мен қоғамға қатысу мүмкіндігі артады.

Қолдау туралы шешімдердің ашықтығы да әділеттілік сезімін нығайтады. Азаматтар көмектің қандай негізде тағайындалатынын, бас тарту себебін және шешімге шағымдану тәртібін білуі керек. Саясаттың нәтижесін бағалауда отбасының тұрақты табысқа қол жеткізуі, балалардың қажетті қызметтермен қамтылуы және дағдарыстық жағдайға қайта түсу қаупінің төмендеуі негізгі өлшемдер болғаны жөн.

— Жолдауда Қазақстандағы балалардың саны 7 миллионға жуықтағаны және жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келетіні айтылды. Осыған байланысты сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Бұл бастамалар демографиялық өсімді қолдауға, жас отбасылардың әлеуметтік сенімін арттыруға және ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін дамытуға қандай үлес қосады?

— Заманауи перинаталдық орталық пен көпбейінді балалар ауруханасын салу ана мен балаға мамандандырылған көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Отбасы үшін бұл бастаманың маңызы жүктілік, босану немесе баланың сырқаттануы кезінде қажетті көмекті уақытында алу мүмкіндігімен байланысты. Мұндай сенімділік жас ата-аналардың өзін қауіпсіз сезінуіне және отбасылық өмірін жоспарлауына қолайлы жағдай жасайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 335 мың сәби дүниеге келген. Оның 38,8%-ы ауылдық жерлерде туған. 2024 жылы туғандар саны 365,9 мың болған. Осы динамика медициналық инфрақұрылымды жоспарлауда туу санының өзгерісін де, жыл сайынғы қызмет көрсету көлемін де ескеру қажеттігін көрсетеді. Әсіресе ауылдық аумақтардан мамандандырылған көмекке уақтылы жету мәселесіне назар аудару маңызды.

ҚҚДИ сауалнамасының нәтижелері бойынша, респонденттердің 56,9%-ы ананы қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты тиімді деп бағалаған. Оның ішінде 15,8%-ы «толық тиімді», 41,1%-ы «тиімді деуге болады» деген жауапты таңдаған. Сонымен бірге 25,9%-ы саясаттың тиімділігіне теріс баға берген, ал 17,2%-ы жауап беруге қиналған. Бұл нәтижелер оң бағалаудың басым екенін және азаматтардың бағалауы әркелкі екенін көрсетеді. Аталған көрсеткіштер ананы қорғау саясатының жалпы қабылдануын сипаттайды.

Балаларға көрсетілетін медициналық қызметтерге қатысты мәселелер де ата-аналар үшін өзектілігін сақтап отыр. ҚҚДИ зерттеулерінде олардың сапасы мен қолжетімділігін өзекті мәселе деп бағалағандардың үлесі 2022 жылы 65,8%, 2024 жылы 76,2%, 2026 жылы 73,0% болған. Сондықтан жаңа нысандардың әлеуметтік нәтижесі отбасылардың қажетті маманға, диагностикаға және емге қаншалықты тез қол жеткізе алатынынан көрінуі тиіс. Өңірде қажетті көмектің көрсетілуі басқа қалаға баруға байланысты қаржы, уақыт және күтімді ұйымдастыру шығындарын азайтуы мүмкін.

Демографиялық тұрғыдан сапалы медицина бала туу мен тәрбиелеуге байланысты қауіпсіздік сезімін нығайтатын жағдайлардың бірі саналады. ҚҚДИ жүргізген тереңдетілген сұхбаттарда қатысушыларкелесі баланы жоспарлауды денсаулықпен, тұрақты табыспен, баспанамен және балаға жеткілікті уақыт бөлу мүмкіндігімен байланыстырады. Сондықтан медициналық инфрақұрылымның ықпалын отбасыларды қолдаудың кең жүйесі аясында қарастырған дұрыс.

Ана мен баланы қорғау жүйесін дамытуда көмектің сабақтастығы шешуші рөл атқарады. Жаңа орталықтар емханалармен, ауылдық медициналық ұйымдармен, жедел жәрдеммен, патронаж және оңалту қызметтерімен үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Білікті мамандар даярлау, оларды өңірлерде тұрақтандыру және жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету де құрылыс жоспарымен қатар жүргізілуі тиіс.

Нәтижені бағалауда ана мен нәресте денсаулығының көрсеткіштері, мамандандырылған көмекке жету уақыты, кезек ұзақтығы және ата-аналардың қызмет сапасына бағасы ескерілуі керек. Отбасының мемлекетке және болашаққа сенімі қажетті медициналық көмектің қолжетімді әрі сенімді екеніне өз тәжірибесінде көз жеткізген кезде нығаяды.

— Президент адам капиталының сапасын арттыруға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына ерекше мән берді. Осы мақсатта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр. Сіздің ойыңызша, мұндай кешенді саясат жастардың әлеуетін ашуға, әлеуметтік мүмкіндіктердің теңдігін қамтамасыз етуге және болашақ ұрпақтың сапалы қалыптасуына қалай әсер етеді?

— Мұндай кешенді саясат баланың денсаулығын, білімін, шығармашылық қабілетін және әлеуметтік дағдыларын өзара байланысты дамытуға мүмкіндік береді. Адам капиталының сапасы адамның алған білімінен, оны қолдана алуынан, денсаулығынан және қоғамда өз орнын табу мүмкіндігінен қалыптасады. Сондықтан мектептер, медициналық ұйымдар, мәдениет және спорт нысандары баланың әр кезеңдегі қажеттіліктерін толықтыратын орта ретінде дамуы маңызды.

Бұл үдерісте отбасы мен мектептің серіктестігі ерекше рөл атқарады. ҚҚДИ зерттеуінде бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарға жауап бергендердің 59,6%-ы тәрбиеге бірінші кезекте отбасы жауапты деп есептейді. Тағы 32,3%-ы отбасы мен мектеп, балабақша тең дәрежеде жауапты деген пікір білдірген. Сонымен бірге 93,9%-ы мектеп баланы дамыту мен тәрбиелеуде отбасының серіктесі болуы керек деген тұжырыммен келіседі. Бұл нәтижелер отбасының жетекші рөлін мойындаумен қатар, білім беру ұйымдарымен серіктестікке қатысты күтудің жоғары екенін көрсетеді.

Әлеуметтік мүмкіндіктер теңдігі тұрғысынан әр баланың осындай қолдауға қол жеткізуі маңызды. Отбасының табысы, тұрғылықты жері немесе баланың денсаулық ерекшеліктері оның қабілетін дамытуына кедергі келтірмеуі тиіс. Мысалы, ауылдағы оқушыға ғылыми және шығармашылық үйірмелерге қатысу, табысы төмен отбасы баласына спортпен айналысу, ерекше қажеттілігі бар балаға білім беру және мәдени бағдарламаларға қосылу мүмкіндігі қажет. Мұнда қызмет құны, көлік қатынасы, жұмыс кестесі және ортаның қолжетімділігі ескерілуі керек.

Жастардың әлеуетін ашуда білімнен еңбекке өту кезеңін де назарда ұстаған жөн. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы ІІІ тоқсанда жұмыс істемейтін және білім алумен немесе кәсіби даярлықпен қамтылмаған NEET жастарының үлесі 5,6% болған. Бұл жастарды оқуға, кәсіби даярлыққа және еңбекке тартатын қолдау тетіктерінің маңызын көрсетеді.

Осыған байланысты білім беру инфрақұрылымын кәсіби бағдармен, тәлімгерлікпен, өндірістік тәжірибемен және жастардың өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігімен ұштастыру орынды. Мектептегі зертхана баланың ғылымға қызығушылығын оятса, колледж, университет және жұмыс берушілер арасындағы байланыс сол қызығушылықты кәсіби дағдыға айналдыруға көмектесе алады. Мәдениет пен спорт орталықтары да бастама көтеру, ынтымақтасу және ортақ нәтижеге жауап беру тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кешенді саясаттың нәтижесін бағалауда балалардың қызметтерге тұрақты қатысуы, білімін жалғастыруы, денсаулығы, меңгерген дағдылары және жастардың еңбек нарығында өз орнын табуы ескерілуі тиіс. Отбасы, мектеп және басқа ұйымдардың ынтымақтастығы осы мүмкіндіктерді баланың күнделікті өмірімен байланыстырады. Әсіресе өңірлер мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар арасындағы қолжетімділік айырмашылықтарының қысқаруы саясаттың маңызды нәтижесі болады.

 — Мемлекет басшысы елдің болашағын қалыптастыруда отаншыл, білімді, белсенді азаматтардың рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның келешек ұрпаққа экономикасы қуатты, ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекет қалдыруы керектігін атап өтті. Осы тұрғыда азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғамдық белсенділік құндылықтарын нығайту ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамытуда қандай рөл атқарады?

— Азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғамдық белсенділік адамның өз болашағын елдің дамуымен байланыстыруына негіз болады. Азаматтық жауапкершілік өз міндеттерін орындаудан, басқа адамдардың құқықтарын құрметтеуден және ортақ мүддені ескеруден көрінеді. Отансүйгіштік туған жерге деген жақындықпен қатар, оның дамуына үлес қосуға ұмтылуды қамтиды. Қоғамдық белсенділік осы ұмтылысты нақты бастамалар мен бірлескен әрекетке айналдыруға мүмкіндік береді.

Бұл құндылықтардың қалыптасуында отбасының орны ерекше. ҚҚДИ зерттеуінде баласы бар респонденттер балаларында қалыптастыруға ұмтылатын қасиеттердің арасында еңбекқорлықты (45,7%), адалдықты (36,4%) және үлкендерді құрметтеуді (32,7%) ең жиі атаған. Аталған басымдықтар отбасылық тәрбиеде еңбекке және адамгершілікке қатысты құндылықтардың маңызды орын алатынын көрсетеді.

Осы қасиеттер қоғамдық өмірдегі жауапкершілікпен ұштаса алады. Еңбекқорлық адамның өз ісін сапалы орындауына және ортақ нәтижеге үлес қосуына негіз болады. Адалдық әділ қарым-қатынас пен өзара сенім үшін маңызды. Үлкендерді құрметтеу ұрпақтар арасындағы байланысты сақтауға, тәжірибе мен мәдени мұраны жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл құндылықтар басқа адамдардың қадір-қасиетін, құқықтары мен көзқарастарын құрметтеумен толыққанда, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ете алады.

Құндылықтарды орнықтыруда ата-ананың күнделікті үлгісі маңызды. Бала ересектердің өз міндеттерін қалай орындайтынын, өзгелерге қалай көмектесетінін, қоғамдық ортаға қалай қарайтынын байқап өседі. Сондықтан отбасы, мектеп және қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығы қажет. Баланың отбасында таныған құндылықтарын мектептегі ортақ жобаларда, еріктілікте, экологиялық және жергілікті бастамаларда қолдануына жағдай жасалуы тиіс. Осындай тәжірибе оның бастама көтеру, келісу және қабылдаған міндетіне жауап беру дағдыларын дамытуға көмектеседі.

ҚҚДИ-дің 2024 жылғы 1 200 ересек респондентті қамтыған «Азаматтық қоғам» зерттеуінде азаматтық белсенділіктің өзіне жақын түрі ретінде волонтерлікті 41,1% таңдаған. Ал соңғы 12 айда әлеуметтік және экологиялық мәселелер бойынша волонтерлік акцияларға немесе қозғалыстарға қатысқанын 6,8% хабарлаған. Бұл көрсеткіштер азаматтардың қатысуға қатысты қалауын және белгілі бір кезеңдегі нақты тәжірибесін сипаттайды. Осы тұрғыдан қоғамдық іске қызығушылықты қолжетімді қатысу мүмкіндіктерімен ұштастыру маңызды.

Ел бірлігі әртүрлі әлеуметтік, этностық және жас топтарының ортақ мәселелерді шешуге қатысуы арқылы да нығаяды. Балалардың қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, мұқтаж адамдарға көмектесу немесе елді мекенді абаттандыру сияқты міндеттер тұрғындарды біріктіре алады. Бірлескен жұмыс адамдардың бір-бірін жақынырақ тануына, өзара көмек пен сенім тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік береді. Әртүрлі пікірлерді құрметпен талқылау және ортақ шешім іздеу мәдениеті қоғамдық келісімнің тұрақтылығы үшін маңызды.

Азаматтардың белсенділігін қолдауда институттардың ашықтығы мен кері байланыстың сапасы да үлкен рөл атқарады. Адам өз ұсынысының қаралғанын, бастамасының нәтижесін және қабылданған шешімнің негізін түсінгенде, ортақ іске қатысуының маңызын сезіне алады. Жастарға пікір айтуға, жоба ұсынуға және оны жүзеге асыруға мүмкіндік беру олардың ел болашағына қатыстылық сезімін нығайтуға жағдай жасайды.

Келешек ұрпаққа экономикасы қуатты, ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекет қалдыру білім мен кәсіби шеберлікті қоғамдық жауапкершілікпен ұштастыруды қажет етеді. Ғалымның зерттеуге адалдығы, мұғалімнің бала дамуына қосқан үлесі, маманның сапалы еңбегі, кәсіпкердің жауапкершілігі елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етеді. Жастар осындай әрекеттердің қоғамдық құндылығын көріп өскенде, өз жетістігін елдің дамуына қосатын үлесімен байланыстыруға мүмкіндік алады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button