Әр жаңа пәтерге интернет орнату керек – Бағдат Мусин
Қазақстанда құрылыс компанияларына әр жаңа пәтерге талшықты-оптикалық желі тарту және 5G стансаларына орын қарастыру міндеттелуі мүмкін. Бұл ұсынысты үкімет отырысында «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа тұрғын үйлерге қойылатын талап
Бағдат Мусиннің айтуынша, қазір құрылыс барысында интернет желісі әрдайым ескеріле бермейді. Интернет орнату үшін операторлар пәтер иелерінің кемінде үштен екісінің келісімін алуы керек. Іс жүзінде тұрғындардан рұқсат алу оңай емес.
«Қазақтелеком» басшысы интернетті электр энергиясы, су және жылу секілді негізгі инфрақұрылымдық қызметтер қатарына қосуды ұсынды.
Сонымен қатар Мусин байланыс желілерін зақымдағандарға қатысты жауапкершілік мәселесін көтерді. Бүгінде желіні зақымдағаны үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 120 АЕК, яғни 519 мың теңгені құрайды.