Үш бірдей микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды: енді клиенттер несиесі не болады
Қазақстанда үш микроқаржы ұйымы микрокредит беру лицензиясынан айырылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті шешімді тексеру нәтижесінде қабылдаған. Енді аталған компаниялар жаңа несие бере алмайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Заң талаптары бұзылған
Қаржы реттеушісі мәліметінше, тексеру кезінде ұйымдардың заң талаптарын жүйелі түрде бұзғаны анықталған. Салдарынан клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келді. Дегенмен агенттік әр компанияның қандай нақты заңбұзушылықтарға жол бергенін жариялаған жоқ. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, лицензияларды қайтарып алу туралы шешім 23 қарашадағы бұйрықтармен рәсімделген.
Атап айтқанда, лицензиясынан айырылған ұйымдар:
- ECKZ – №80 бұйрық;
- Taj Finance – №81 бұйрық;
- «М Булак» – №82 бұйрық.
Енді бұл компаниялардың микроқаржылық қызметпен айналысып, соның ішінде халыққа жаңа микрокредит беруге құқығы жоқ.
Одан бөлек, лицензиясынан айырылған ұйымдарға 30 күнтізбелік күн ішінде өздерінің құқықтық мәртебесін өзгерту міндеттелген. Олар компания атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздер мен соған қатысты атауларды алуы қажет. Соның ішінде «МҚҰ» аббревиатурасын алып тастап, қайта тіркеуден өтуі керек.
Екінші нұсқа бойынша, ұйымдар қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауы тиіс.
Бұрын алған несие төленуі тиіс пе
Микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылуы бұрын жасалған несие шарттарын автоматты түрде тоқтатпайды. Яғни осы компаниялардан микрокредит алған азаматтар қарызын белгіленген тәртіппен өтеуді жалғастыруы керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақпаратынша, қолданыстағы келісімшарт талаптары тек заңда көзделген жағдайларда өзгертілуі мүмкін. Егер микрокредит бойынша талап ету құқығы бұрынғы компанияда қалса, қарыз алушы төлемді келісімшартта көрсетілген деректемелер бойынша аудара береді.
Егер берешек басқа кредиторға беріліп, төлем жасауға арналған деректемелер өзгерсе, бұл туралы қарыз алушыға міндетті түрде хабарлануы тиіс.