«Мақтан, қазақ!»: Димаштың Колумбиядағы концерті халықты тәнті етті
«Мақтан, қазақ!»: Димаштың Боготадағы концерті қазақстандықтарды тәнті етті
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Колумбия астанасы Боготада алғаш рет жеке концертін өткізді. Әлемдік тур аясындағы өнер кешіне мыңдаған жанкүйер жиналып, қазақстандық әншіге ерекше қошемет көрсетті. Концерттен тараған бейнежазбалар әлеуметтік желі қолданушыларын да әсерге бөледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
22 қарашада Боготадағы Movistar Arena сахнасында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті өтті. Бұл – әншінің Колумбияда өткізген алғашқы жеке концерті. Кеш барысында көрермендер Димаштың әндерін бірге орындап, ерекше ықылас танытты. Әсіресе мыңдаған шетелдік жанкүйердің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ тілінде шырқаған сәті көпшіліктің назарын аударды.
«Димаш күмәнсіз ұлы. Мақтан, қазақ!»
Әлеуметтік желілерде Боготадағы концертке қатысты бейнежазбалар кеңінен таралып жатыр.
Threads желісіндегі қолданушылардың бірі Колумбиядағы көрініске таңданысын жасырмай, қазақстандық әншіге деген мақтанышын білдірді.
«Халқым, мынаны қараңдар! Мынау – Колумбия астанасы Богота! Ғажап. Димаш күмәнсіз ұлы. Мақтан, қазақ! Жар сал, қазақ!» – деп жазды желі қолданушысы.
Жазба авторы Димашқа көрсетілген ықыласты қазақ халқы үшін мақтан тұтарлық оқиға ретінде бағалаған.
Колумбиялықтар Димашты ерекше қарсы алды
Димаш Құдайберген Боготаға 21 қарашада келген. Оны әуежайда көптеген жанкүйер күтіп алып, жылы лебіздерін білдірген. Ал келесі күні өткен концертте көрермендер қазақстандық өнерпазға зор қошемет көрсетті.
Концерт барысында әнші өзіне қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтып, Колумбия жұртшылығымен алғаш рет жеке концертте кездескеніне қуанышты екенін жеткізді. Боготадағы өнер кеші Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы DIMENSIONS әлемдік турының бір бөлігі болды. Бұған дейін ол Мексикада өнер көрсеткен.