ЕрекшеЖаңалықтар

Каспийдегі ерекше көрініс: жүздеген қызғылт қоқиқаз видеоға түсті

Каспий теңізінің жағалауында жүздеген қызғылт қоқиқаздан құралған топ байқалды. Ерекше көріністі ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жарияланған кадрларда қоқиқаздардың Каспий жағалауына топталып жиналғанын көруге болады. Бұл құстар Маңғыстау өңіріне жылына екі рет – көктем мен күз мезгілдерінде келеді. Олардың маусымдық қоныс аударуы табиғаттағы ерекше құбылыстардың бірі саналады.

Қоқиқаздар қайда ұшады

Күз мезгілінде қызғылт қоқиқаздар Маңғыстау облысындағы Қаракөл арқылы жылы жаққа қарай қоныс аударады. Олардың негізгі бағыттарының қатарында Иран мен Түркіменстан бар. Құстар осы елдерге қарай ұшып, қолайлы климаттық жағдай іздейді. Көктемде қоқиқаздар қайтадан солтүстікке қарай қоныс аударады. Осылайша Маңғыстау өңірі олардың маусымдық көші-қон жолындағы маңызды аялдамалардың бірі болып саналады.

Қызғылт қоқиқаз қандай құс

Қызғылт қоқиқаз – ерекше түсімен, ұзын аяқтарымен және төмен қарай иілген тұмсығымен ерекшеленетін құс. Оның қанаттарының ұшы қара түсті болады. Биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді, ал салмағы 1,9–4,4 келі аралығында.

Қанатын толық жайған кездегі ұзындығы 160–170 сантиметрге жетеді. Бір қанатының қалыпты жағдайдағы ұзындығы шамамен 39 сантиметр, ал құйрығының ұзындығы 14 сантиметр болады. Қызғылт қоқиқаздардың Каспий жағалауында топтасып жүруі – Маңғыстау табиғатының ерекше көріністерінің бірі.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button