TOP-2Жаңалықтар

Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын бақылау комиссиясы құрамын бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамын бекітті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Комиссияның міндеттері қандай

Мемлекеттік комиссия бағдарламаның жүзеге асырылу барысына тұрақты мониторинг жүргізеді. Атап айтқанда, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, мемлекеттік сатып алу рәсімдері заңдылығын, жобалардың құны мен белгіленген мерзімде орындалуын бақылауға алады. Сонымен қатар комиссия тәуекелі жоғары жобаларды анықтап, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алып, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Мониторинг қорытындысында тоқсан сайынғы және жылдық есептер Президентке ұсынылып отырады. Ал мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палата белгіленген.

Құрамына кімдер енді

Мемлекеттік комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар кірді. Сондай-ақ комиссия жұмысына өңірлер мен бизнес-қоғамдастық өкілдері де қатысады. Құрам бекітілген тізім Ақорданың ресми сайтында бар.

Back to top button