TOP-2Қоғам

Бірі кезекке сілтейді, бірі емдеуден бас тартады: бес баланың әкесі жүрегі мен өкпесіне дауа таба алмай жүр

Абай облысы Көкпекті ауданының тұрғыны, 37 жастағы Айбар Оразаев Tizgin.kz редакциясына хабарласып, он екі жылдан бері ауыр жүрек ауруымен күресіп келе жатқанын айтып, көмек сұрады. Осы уақыт ішінде Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында емделіп, дәрігерлердің бақылауында болған азаматқа енді бүйрек жағдайына байланысты әрі қарай емделе алмайтыны айтылған. Алайда орталық мамандары бүйрек қызметіне қатысты осындай қорытынды жасағанмен, мекеменің нефрологтары арнайы тексермеген. Басқа медициналық мекемеге барып қаралған кезде нефролог бүйрек көрсеткіштері трансплантация мәселесін қарастырудан бас тартуға негіз болмайтынын айтқан.

Айбар Оразаев 2014 жылдан бері жүрек-қан тамырлары жүйесінің сырқаты бойынша диспансерлік есепте тұр. Жүрегінде туа біткен ақау бар. Сол жылы жүрегіне ота жасатпақ болғанда дәрігерлер өкпе артериясындағы қысымның өте жоғары болуына байланысты кейінге қалдырған.

“2014 жылы операция жасау керек еді. Бірақ өкпемдегі қысым өте жоғары болғандықтан отаға жарамайтынымды айтты. Содан бері қос бірдей ағзаның ауыр дертімен алысып келемін. Жыл сайын квота арқылы ауруханаға жатып, тексеруден өтемін. Он екі жылдан бері тағайындалған дәрілерді үзбей ішіп жүрмін. Бірақ өкпе артериясындағы қысым қайтқан жоқ”, – дейді Айбар.

Өзінің айтуынша, 12 жылда аурудан айығудың орнына сырқат үстіне жаңа сырқат жамалып жатыр. Оны медициналық құжаттар да растайды. Қазір негізгі диагноздарының қатарында Эйзенменгер синдромы, үшжармалы жүрек қақпақшасының жеткіліксіздігі дейтін аурулар бар. Кейінгі кезде созылмалы бүйрек ауруы қинап жүр.

Науқас өзін Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында кардиохирург Мұрат Мукаров есімді дәрігер қарағанын айтады. Бұған дейін жүрек пен өкпені бірдей трансплантациялау керек дегенді осы маман айтса керек. Бірақ кейін бүйректегі сырқат ондай отаны көтермейтінін, әрі қарай емдеу мүмкін есетігін айтып шығарып салған.

Айбар Оразаев мамандардың бұл уәжі өзіне үкімдей әсер еткенін айтады.

“Бұл жерде мен түсінбейтін деталь бар. Орталық дәрігерлері бүйректегі дертім отаға жарамсыз етіп тұрғанын қандай тексеруді негізге алып айтты екен? Өйткені мекеменің нефрология бөлімшесіне жатқызып, арнайы тексеруден өткізген де жоқ. Нефрологтың толық қорытындысын алмай тұрып, осындай шешім қабылданғандары қалай, – дейді.

Ақыры ол басқа медициналық мекемеден нефрологтың кеңесін алған. Бұл маманның қорытындысы бойынша, Айбардың бүйрек қызметіндегі өзгерістер трансплантация мәселесін аяқсыз қалдыратындай ауыр емес. Осылайша, науқас екі түрлі медициналық ұстанымның арасында қалған. Бір мекеменің дәрігерлері бүйрек жағдайына байланысты емді жалғастырудан бас тартса, басқа мекеменің нефрологы мұндай шешімге негіз болатын ауыр бұзылыс жоқ деген пікір білдірген.

Астанаға жолдаған өтініші Көкпектіге қайтып келген

Айбар Оразаев осы жағдайды баяндап, Денсаулық сақтау министрлігінен де көмек сұрапты. Ол өтініші сатылап түсіп, жергілікті ауруханаға қайта жолданған. Көкпекті аудандық ауруханасының жауабында Эйзенменгер синдромының III функционалдық класы, үшжармалы жүрек қақпақшасының жеткіліксіздігі, созылмалы бүйрек ауруының C2 сатысы бар екені расталған. Бүйректің шумақтық сүзілу жылдамдығы да нақты көрсетілген.

Жауаптың соңында аурухана жүрек пен өкпені трансплантациялау оатсының кезегіне тұруды ұсынған. Осылайша бір жүйенің ішіндегі үш мекеме бір науқастың жағдайына байланысты үш түрлі шешім шығарған.

Айбардың бес баласы бар. Солар үшін өмір сүргісі келетінін айтады.

“Әкелік парызым тұрғанда маған бұл сырқаттың бәрін жеңіп шығу керек. Жазылып, балаларыма қамқорлық көрсетіп, алаңсыз тәрбие берсем деп армандаймын. Ал қазір күнімнің көбі аурумен алысып, аурухана мен мекемелердің қабырғасында өтіп жатыр, – дейді көкпектілік әке.

“Тағдырымды консилуим шешсін”

Ресми өтініштен түсінікті жауап алмағандықтан журналистерге жүгінуді жөн көргенін айтады. Ондағы ойы – БАҚ-тың мәселеге араласқанын көріп, министрлік жағдайына назар аударар деген үміт.

“Емдеу тәсілі дұрыс болса, адам тағдырына жауапты мамандар неқұрайды қарамаса, 12 жылдың ішінде негізгі сырқатымды емдеп жазуға болар еді ғой деп ойлаймын кейде. Ал мен керісінше уақыт өткен сайын аурудың үстіне ауру тауып алып жатырмын. Енді денсаулық министрлігіндегілер төмендегілерге сілтей бермей, мәселемді май шаммен қарасын деген тілегім бар. Республикалық деңгейде мамандандырылған медициналық консилиумға салсын. Ағзаларым трансплантацияға жарамды ма, жоқ па, сол консилуим шешсін. Осыған дейін емдеуден бас тарту туралы шешімнің қаншалықты негізді болғанына кәсіби тұрғыда баға берілсе деймін. Қазақстанда емдеу мүмкін болмаса, шетелдік клиникаға жолдау мәселесін қарастырсын, – дейді бес баланың әкесі.

Осылай деген Айбар өмір үшін күресіп жүр.

Back to top button