TOP-2Жаңалықтар

Димаштың Чилидегі концерті: шетелдіктер қазақша ән айтып, көк туымызды желбіретті

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Чили астанасы Сантьяго қаласында жеке концертін өткізді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлер Қазақстанның көк туын желбіретіп, қазақ тілінде ән шырқады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Димаштың Оңтүстік Америкадағы концерті әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді. Желі қолданушылары концерттен алған әсерлерімен бөлісіп, қазақстандық әншінің әлемдік сахнадағы жетістігіне сүйсініп жатыр.

Концерт билеттері санаулы күнде сатылып кеткен

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Шолпан Табаева Димаштың туған елінен мыңдаған шақырым қашықтықта өнер көрсетіп жатқанына назар аударды.

«Әлемдегі мемлекеттердің астаналары арасында Астанадан ең шалғай орналасқан қала Чилидің астанасы Сантьяго екенін білесіздер ме? Дәл осы қалада, Отанынан 16 390 шақырым қашықтықта Димаш жеке концертін өткізіп жатыр. Концерт билеттері сатылымға шыққаннан кейін санаулы күнде сатылып кетті. Концерт аншлагпен өтіп жатыр. Жарайсың, Димаш!» – деп жазды ол.

Шетелдік жанкүйерлер Қазақстанның туын желбіретті

Threads әлеуметтік желісінің тағы бір қолданушысы Бибек Қаныбек концерттегі ерекше атмосфера туралы жазды.

«Чили астанасы Сантьяго қаласы. Лық толы стадион, бүкіл әлемнен келген көрермендер, қолдарында көк туымызды желбіретіп, Димаш деп қазақша ән салып. Ғажап көрініс!» – деді ол.

Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта шетелдік жанкүйерлердің қазақша ән шырқауы мен еліміздің мемлекеттік туын желбіретуі әлеуметтік желі қолданушыларының мақтаныш сезімін оятты. Димаштың өнері арқылы қазақ тілі мен мәдениеті әлемнің әр түкпіріндегі тыңдармандарға танылып келеді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button