Қазақстанда жұмыс іздеу тәртібі өзгереді
Елде жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын жасанды интеллект автоматты түрде ұсынатын жүйе іске қосылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің сөзінше, жаңа Цифрлық жұмыспен қамту қызметі азаматтың бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеу тәсілінен проактивті модельге көшуді көздейді.
«Жаңа модельдің негізгі қағидаты: жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орталығына барған болатын. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды», – деді Ертаев.
Бос жұмыс орны туралы хабарлама келеді
Бұған дейін жұмыс іздеген азамат Enbek.kz порталындағы бос орындарды өзі қарап немесе мансап орталығына баруға тиіс болатын. Енді жүйе жұмыс берушілердің сұранысына қарай жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды.
Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Жасанды интеллект әр азаматқа лайық бос жұмыс орындарын тек өзі тұратын өңірден ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарынан да іздейді. Жұмысшы мамандықтарына да басымдық беріледі.
Сонымен бірге жүйе адамның білімі мен мүмкіндігіне қарай оқыту және қайта даярлау курстарын, сондай-ақ жұмыс үшін басқа өңірге қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Азамат тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін жүйе арқылы сүйемелденбек.
Министрдің мәліметінше, жаңа қызмет шілде айында Павлодар облысында іске қосылған. Қыркүйекте Цифрлық жұмыспен қамту қызметін Маңғыстау облысында іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылдың соңына дейін жүйе Қазақстанның барлық 20 өңіріне енгізіледі.