Қазақстанда жәрдемақы алатындар табысына қарай бес топқа бөлінуі мүмкін
Осындай ұсыныс білдіргендер есебінше, адамның қай топқа жатқызылатыны бірқатар әлеуметтік төлем мөлшеріне әсер етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Есептеу тәртібі өзгеруі мүмкін
Соңғы жылдары Қазақстанда декреттік төлемдер мен бала күтіміне байланысты жәрдемақы көлемі әйелдің декретке шыққанға дейінгі табысына сәйкес есептеліп келді. Яғни ресми жалақысы жоғары болған сайын төлем мөлшері де көп болды.
Енді бұл тәсілді өзгерту ұсынылып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңға тиісті түзетулер әзірледі. Соған сәйкес, азаматтар табысы мен әлеуметтік жағдайына қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Осы арқылы кімнің мемлекеттік қолдауға қаншалықты мұқтаж екені анықталатын көрінеді.
Министрлік бұл тәсілді әлеуметтік жағдайды бағалаудың жаңа әдістемесі ретінде қарастырып отыр. Адам немесе отбасы қай санатқа жатқызылса, 14 түрлі әлеуметтік төлемн мөлшері соған байланысты белгіленеді.
Олардың қатарында:
- бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы;
- бала бір жарым жасқа толғанша күтіміне байланысты жәрдемақы бар.
Министрлік жауабы
Министрлік Tengrinews-тің ресми сауалына берген жауабында аталған өзгерістер мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жоба отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалаудың ашық тетігін енгізуді көздейді. Бұл әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті объективті түрде анықтап, мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрлік жауабында.
Жобаға сәйкес азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты А-дан Е-ге дейінгі бес деңгейге бөлінеді. Санат отбасы құрамы мен оның табысы туралы мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде анықталады.