Қазақстанда ресейлік «Яндекстің» бес компаниясы тексеріске ілінді
Қазақстанда 2026 жылғы қараша айының соңына дейін «Яндекске» қатысы бар бес заңды тұлғаға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қандай компаниялар тексеріледі
Жаслан Мәдиев алдағы тексерулер туралы қазақстандықтардың дербес деректерін қорғауға қатысты ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Министрдің мәліметінше, жоспардан тыс тексеру мына бес заңды тұлғаны қамтиды:
- «Яндекс Казахстан» ЖШС;
- «Yandex Bastau» ЖШС;
- «Яндекс. Такси Корп» ЖШС;
- «Яндекс. Еда Казахстан» ЖШС;
- «Yandex LLP» ЖШС.
Ведомство аталған компаниялардың дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау жөніндегі қызметі Қазақстан заңнамасының талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін тексермек. Әсіресе деректердің ел аумағында сақталуына, сондай-ақ оларды қорғау үшін қабылданған ұйымдастырушылық және техникалық шараларға ерекше назар аударылады.
«Биылғы қараша айының соңына дейін „Яндекс“ компаниясына қатысты бес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтауына жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексерулер аясында дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуы жан-жақты әрі кешенді түрде зерделенеді. Оның ішінде деректерді сақтау орындарын оқшаулау мәселелері қаралады. Тексеру нәтижелері бойынша белгіленген талаптардың орындалуына баға беріледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Бұдан бөлек, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Бұл ретте шешімдер жүргізілген тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып қабылданады. Тексерулер аяқталғаннан кейін тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау үшін ұсынылады», – деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Заңбұзушылық анықталса не болады
Министрдің ресми жауабына сәйкес, тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті орган компаниялардың заңнамада белгіленген талаптарды сақтау деңгейіне баға береді. Егер заңбұзушылықтар расталса, ведомство өз өкілеттігі шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Атап айтқанда, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама беру және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуы мүмкін. Жаслан Мәдиев тексерулер аяқталғаннан кейін олардың нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынылатынын да хабарлады.
Айта кетейік, министрдің ресми жауабында аталған компаниялардың заң талаптарын бұзғаны туралы нақты деректер келтірілмеген. Сондай-ақ жоспардан тыс тексерулердің қандай негізде тағайындалғаны және әр заңды тұлғаға қатысты нақты қандай шағымдар бар екені жеке-жеке ашып көрсетілмеген.