Қазақстанда халықаралық бағытта алғаш рет «әйелдер вагоны» іске қосылды
Қазақстанда алғаш рет халықаралық теміржол бағытына әйелдерге арналған арнайы вагон қосылады. Ол 1 қазаннан бастап Алматы мен Ташкент арасында қатынайтын №1/2 пойыздың құрамында қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz «Жолаушылар тасымалы» компаниясына сілтеме жасап.
Қызметті 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған
Компанияның мәліметінше, Алматы – Ташкент бағытындағы жолаушылар санының өсуі және аталған қызметке сұраныстың артуы ескеріліп, халықаралық пойызға «әйелдер вагонын» қосу туралы шешім қабылданған.
«Бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да жоғары сұранысқа ие. Іске қосылған сәттен бері “әйелдер вагоны” қызметін 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланды», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов.
Қазір №1/2 Алматы – Ташкент пойызы күн сайын қатынайды. Ол Алматы стансасынан сағат 19:05-те шығып, Ташкентке жергілікті уақытпен 12:53-те жетеді. Кері бағытта пойыз Ташкенттен сағат 14:41-де аттанып, Алматыға 08:51-де келеді.
«Әйелдер вагоны» қатынайтын бағыттар саны 14-ке жетеді
Жаңа вагон іске қосылғаннан кейін бұл қызмет қолжетімді теміржол бағыттарының саны 14-ке дейін артады. Қазір «әйелдер вагоны» мына бағыттарда бар:
- №77/78 Алматы – Маңғыстау;
- №351/352 Алматы – Маңғыстау;
- №45/46 Павлодар – Түркістан;
- №37/38 Маңғыстау – Семей;
- №47/48 Атырау – Астана;
- №33/34 Ақтөбе – Алматы;
- №3/4 Астана – Алматы;
- №71/72 Астана – Шымкент;
- №353/354 Астана – Семей;
- №23/24 Ақтөбе – Алматы;
- №25/26 Алматы – Шымкент;
- №613/614 Орал – Маңғыстау;
- №81/82 Нұрлы жол – Орал;
- №1/2 Алматы-2 – Ташкент.
Мұндай вагондарға билет тек әйелдерге сатылады және жолаушыларға тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Әйелдермен бірге жеті жастағы ұл балаларды қоса алғанда, осы жасқа дейінгі балалардың жүруіне рұқсат етіледі.