Жаңалықтар

Қазақстанда 23 мыңнан астам азамат әскерге шақырылады

Жаңа шақырылғандардың жартысына жуығы Қарулы күштер қатарын толықтырады

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жыл соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

12 мыңнан астам азамат Қарулы күштерге барады

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елдегі қалалық және аудандық шақыру комиссиялары күзгі науқан аясында жұмысқа кіріскен.

Президент Жарлығына сәйкес, желтоқсан айының соңына дейін әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер адам мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Олардың 12 мыңнан астамы Қарулы күштер қатарын толықтырады. Тағы 7 мың азамат Ұлттық ұланда, 3 мың адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде әскери борышын өтейді.

Бұдан бөлек, 400-ге жуық азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300-ге жуық адам Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.

Азаматтар әскери есепке қатысты мәліметтерді eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.

Сарбаздарға қандай мүмкіндік беріледі

Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Соның бірі – әскери борышын өтеу кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі.

Сонымен қатар мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздар әскери-есептік мамандықпен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын да тегін меңгере алады.

«Әскери-есептік мамандықпен қатар, әскери қызметшілер еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын тегін меңгере алады. Мұндай мамандықтардың саны 20-ға жуық. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және басқа да мамандықтар бар», – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, 2025 жылы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары кезінде 41 706 азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған болатын.

Back to top button