$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Қазақмыс» қаншаға сатылғаны белгілі болды

«Қазақмыс» корпорациясының 99,9% үлесін сату мәмілесінің жалпы құны 1,18 млрд доллар болған. Компанияның жаңа иесі Qazaq Acquisition Corp. Ltd. 2026 жылы бұрынғы иесі Kazakhmys Copper алдындағы берешегін толық өтеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мәміле қалай жасалды

«Қазақмыс корпорациясындағы» 99,9% үлесті сату туралы келісім 2025 жылғы 5 желтоқсанда АХҚО-да тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясымен жасалған.

Мәміле аясында алдымен 10,6 млрд теңге, кейін тағы 51,1 млрд теңге аванс төленді. 29 желтоқсанда Kazakhmys Copper «Қазақмыс корпорациясына» бақылауын толық жоғалтқан.

Жыл соңында сатып алушының мәміле бойынша берешегінің әділ құны 531,5 млрд теңге немесе сол кездегі бағаммен шамамен 1 млрд доллар болған.

Ал бұрын төленген аванстар мен қалған міндеттемелерді қоса есептегендегі алынған өтемнің жалпы құны 595,3 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, «Қазақмыс корпорациясын» сату мәмілесі 1,18 млрд долларға бағаланған.

Қанша кіріс түсті

Мәміленің нәтижесінде Kazakhmys Copper еншілес компаниядағы инвестицияны сатудан 416,9 млрд теңге кіріс таныған. Сатылған активтің баланстық құны 178,4 млрд теңге болған.

Жалпы, 2025 жылдың қорытындысында Kazakhmys Copper 811,8 млрд теңге пайда тапты. Бір жыл бұрын компания шығынмен жұмыс істеген.

2026 жылы Qazaq Acquisition Corp. Ltd. Kazakhmys Copper алдындағы мәміле бойынша қалған берешекті толық өтеді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button